Токио Олимпиадасындағы сәтсіздікке не себеп болды?

Бокстан Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев командасының Токио Олимпиадасындағы сәтсіздігінің себебін түсіндірді, деп хабарлайды Хабар 24 Prosports.kz сайтына сілтеме жасап.

«Бұл өте үлкен тәжірибе болды. Менің мұндай тәжірибем болмаған. Жұмыста, команданы дайындауда осы тәжірибе жетіспеген болар. Бұл жақсы тәжірибе, бірақ, әрине, ондай қайталанғанын қаламаймын», – деді Кенжебаев. 

Еске салайық, Токио Олимпиадасынан қазақстандық боксшылар алғаш рет алтын медальсіз қайтқан еді. Ел қоржынына Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов қола медаль салған. Қалған боксшылар алғашқы кезеңдерде жеңіліп қалған болатын. 

Олимпиададан кейін Кенжебаев отставкаға кеткен еді.

Жуырда ҚР ҰОК бас хатшысы Андрей Крюков жазғы ойындардағы жағдайды саралап, нәтижесін баяндаған болатын. Айтуынша, короновирус жоспардағы жарыстар мен жаттығу жиындарын тұралатып тастаған. Резерв жоқтығы, ұлттық құраманың орта жасы 2 жылға қартайғаны да сөз болды. Спортшылардың моральдық-психологялық жағдайы мен жиі жарақат алуы да өз кесірін тигізгенін айтты.