Мемлекет басшысы жамбылдық жас спортшыларға тренажер жабдықтарын сыйға тартты

Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Гвардейский кентіндегі жаңадан ашылған спорттық-сауықтыру кешенін аралап көрді.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Президентке спорт нысанында екі ауысымда 120 адам жаттыға алатыны жөнінде айтылды. Спорт кешенінде волейбол, футбол, күрес, бокс, таэквондо және каратэ залдары бар. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында нысан құрылысына республикалық бюджеттен 431 миллион теңге бөлінген. Аталған жобаның мақсаты – жергілікті тұрғындарды дене шынықтырумен және спортпен айналысуға тарту.

Мемлекет басшысы жас спортшыларға табыс тілеп, оларға тренажер жабдықтарын сыйға тартты.