Футзалдан Қазақстан құрамасы елге оралды

Бүгін футзалдан Қазақстан құрамасы елге оралды.

Осыған орай Қазақстан футбол федерациясында салтанатты іс-шара өтті. Іс-шарада Командамен және бапкерлер қосынымен кездесуде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова құрамамыз жанкүйерлер үмітін ақтап, футзал әлемінде сенсация жасағанын жеткізді.

Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

«Табанды ойын мəнерін көрсетіп, əлемнің алпауыт құрамаларына лайықты қарсылық көрсеттіңіздер. Терезесі тең ойында біздің құрама санасуға тиіс қарсылас екенін паш еттіңіздер. Сіздердің жеңіске деген зор ерік-жігерлеріңіз, команданың ұйымшылдығы, жанқиярлығы, патриотизмнің жарқын көрінісі көпке үлгі. Сіздер үшін əр матч оңайға түскен жоқ. Алайда сіздер сын сағатта шын шебер екендіктеріңізді көрсетумен болдыңыздар. Халықаралық футбол федерациясының біздің құраманы адал ойын көрсеткені үшін арнайы жүлдемен марапаттауы осының айқын дәлелі. Құрметті футболшылар, бапкерлер біз Сіздерді мақтан тұтамыз», - деді министр.

Сонымен қатар Ақтоты Райымқұлова құраманың бұл жетістігі елімізде бұқаралық спорттың, оның ішінде футзалдың дамуына тың сепін беретінін атап өтті.

«Сіздер күн сайын елімізде дамып келе жатқан спорт түрінің тамырына қан жүгірттіңіздер. Залдарда тынымсыз жаттығу жасап жүрген өзге ойыншыларға жол сілтеп, жөн көрсетіп отырсыздар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев əр Жолдауында бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын ерекше тоқталып өтеді. Бүгінде елімізде футзал секцияларында 15 мыңнан астам адам жаттығады. Балалар мен жасөспірімдер арасында мектеп лигасы қарқынды дамып келеді. Сіздердің жетістіктеріңізден кейін бұл көрсеткіш ұлғая береді деп сенемін. Талай жас жеткіншек футзалмен тұрақты шұғылданып, іздеріңізден ере берсін», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Айта кетейік, Литвада өткен футзалдан Әлем чемпионатында жартылай финалға шығып, Португалиядан пенальти сериясында ұтылды. Финалға шыққан Португалия құрамасы бұрынғы әлем чемпионы – Аргентинаны 2:1 есебімен жеңді.