426,32 496.50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Самбодан Қызылорда облысында білікті бапкерді еске алуға арналған турнир өтті

  • 159
  • UPD: 23:35, 05.10.2021
Самбодан Қызылорда облысында білікті бапкерді еске алуға арналған турнир өтті

Қызылорда облысының Жосалы кентінде самбодан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әділбек Серікбаевты еске алуға арналған аймақтық ашық турнир өтті.

Бұл сынға Алматы мен Шымкент қаласынан және Ақтөбе, Түркістан, Жамбыл облысы мен Қызылорда өңірінің барлық аймағынан 160-тан аса жеткіншек қатысты. 14 команда арасындағы белдесу бәсекесінде балғын балуандар 8 салмақта мықтыларды анықтады.

Әділбек Серікбаев – тірісінде алақандай ауылдан жетпіске жуық спорт шебері мен халықаралық, құрлықтық бәсекелердің чемпиондарын даярлаған білікті бапкер. Самбодан Тәйімбет Көмекбаев мемориалының халықаралық деңгейге көтерілуіне үлес қосты. Сол додада томағасын сыпырған талай балуан ел намысын әлемдік аренада абыроймен қорғап жүр.

Шәкірттері бапкер есімін мәңгі есте сақтау үшін аталмыш жарысты ұйымдастырды. Турнир қорытындысы бойынша жергілікті балуандар командалық есепте топ жарды. Ақтөбе мен Алматының жас самбошылары өзара жүлделі орындарды бөлісті.

Нұрбол Мырзабаев, жарысты ұйымдастырушы:

– Спортшылардың деңгейі жоғары. Қазақстан Республикасының чемпиондары, жүлдегерлері қатысып жатыр. Өзінің шеберлігін жетілдіріп, дамытып жатыр. Сондықтан алдағы уақытта үлкен белестерді бағындыратын, жас спортшылардың шеберлігін шыңдайтын турнир болады деп сенеміз. Алда Әлем, Азия чемпионаттарында осы турнирден өтіп шыққан спортшылар үлкен спорттық белестерді бағындыратынына сенімдіміз.

Хабар 24 телеарнасы