«Тарих жаңара ма?»: Жамиля Бақбергенова әлем чемпионатының финалында бақ сынайды

Бүгін, 7 қазан күні әйелдер күресінен Жамиля Бақбергенова әлем чемпионатының алтын медалін сарапқа салады. Қазақстан әйелдер күресінен бұл финалды 9 жыл күткен. 

Қазақстандық балуан қыз 2012 жылдан бері алғаш рет әлем чемпионатының финалына жолдама алды. Ең соңғы рет отандық балуандар әлем чемпионатының финалына 2012 жылы шыққан. Алайда 2012 жылы қазақстандық Гюзель Манюрова 72 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионатының финалында швециялық қарсыласы Анна Франсоннан (Швеция) ұтылып, күміс жүлдені місе тұттқан. Араға тоғыз жыл салып дәл осы салмақ дәрежесінде тағы бір қазақстандық балуан Жамиля Бақбергенова финалға шығып отыр. 

Осло бозілемінде бұрымды балуандар арасындағы финал елорда уақытымен сағат 22:00-де басталады. Отандық QazSport және Біріккен күрес ұйымының (UWW) ресми сайты жарысты тікелей эфирде көрсетеді.

 

Жамиля Бақбергенованың қарсыласы жапониялық Масако Фуруичи болмақ. Екі қарсылас 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатының жұбаныш финалында кездескен. Екеуара кездесу 0:2 есебімен жапониялық балуанның еншісіне шешіліп, отандасымызды жарыс жолынан ысырған болатын. Сондай-ақ, 2018 жылы Азия чемпионатының қола жүлдесі үшін таласта да отандасымыз жапон қызына жол берген.

Масако Фуруичи жасөспірімдер арасында 3 дүркін әлем чемпионы, жастар арасында 3 дүркін әлем чемпионы және 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы, Азия чемпионатының екі жүркін жүлдегері және Иван Ярыгин Гран При бәсекесінің күміс жүлдегері. 

Егер отандасымыз Жамиля Бақбергенова жапониялық азулы Масаконы жеңсе, әйелдер күресінен Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы ретінде тарихта қалмақ.