Балуан Жәмиля Бақбергенова әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды

Бақбергенова – күміс жүлдегер. Норвегияда күрес түрлерінен әлем чемпионаты жалғасып жатыр.

Жарыстың кезекті күні қыздар арасында бәсеке болды. Әсіресе 72 келіде ел намысын қорғаған Жәмиля Бақбергенова барлық қарсыласын ұтып, финалға шыққан еді. Соңғы сында жапониялық Масако Фуруитиге есе жіберді. Жапон қызы бірінші кезеңде 2 әдісті сәтті орындап, 3 ұпай алды. Бұл көрсеткіш жекпе-жек соңына дейін сақталды. Жәмиля қанша тырысқанымен қарсы әдіс қолдана алмады. Осылайша ұлттық құрама қоржынына алғашқы медаль түсті. Қалған қыздар үмітті ақтамады. Барлығы дерлік іріктеу сындарынан сүрінді. Оның алдында еркін күрес шеберлері де жүлдеге іліге алмай, құралақан қайтқан. Енді бозкілемге грек-рим күресінің шеберлері шығып жатыр. Бірақ мұнда да жерлестеріміз көрсеткіші көңіл көншітпейді. Ослодағы дода 9 қазанға дейін жалғасады.