Елімізде мыңнан астам адам онлайн марафонға қатысып жатыр

Олар екі айдың ішінде 100 шақырым жүгіруі тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазірдің өзінде челлендждің рекордсмендері бар. Солардың бірі – көкшетаулық Максим Агеев. Сауда-саттық саласында жұмыс істейтін жігіт бір аптада 200 шақырымға жуық жолды жүгіріп өткен.

Максим осыдан 3 жыл бұрын артық салмақтан арылу мақсатында спортпен шұғылдана бастаған. Айтуынша, сол кезде салмағы 100 келі болыпты. Басында жаттығу залында шыныққан ол кейіннен жүгіруді әдетке айналдырады. Ал уақыт өте келе спорт өмірімнің айнымас бөлшегіне айналды дейді салауатты өмір салтын ұстанатын жігіт. Қазір ол күніне 21 шақырым жүгіреді. 

Максим Агеев, қала тұрғыны:

– Ал демалыс күндері 42 шақырымнан жүгіремін. Жақында өмірімде алғаш рет 75 шақырым жолды еңсердім. Көкшетаудан Бурабайға дейін жүгіріп бардым. Ендігі мақсат – 100 шақырымды бір күнде бағындыру.

Ал жүгірудің пайдасы өте көп дейді кейіпкеріміз. Ең бастысы, Максимның мақсаты орындалып, денсаулығы қалыпқа келген.

Максим Агеев, қала тұрғыны:

– Дәл қазір менің салмағым – 75 келі. Қан қысымым да дұрысталды. Өзімді өте жеңіл сезінемін. Суық тию, жөтел дегенді мүлдем ұмыттым. Сондықтан денсаулықты ойласаңыздар, жүгірумен айналысыңыздар.

Ал жасы 80-ге таяған Қайырбай ақсақалдың салауатты өмір салтын серік еткеніне биыл 35 жыл. Осы уақыт аралығында қария Ресей мен Қазақстанда ұйымдастырылған 42 шақырымдық марафондарға қатысқан.

Қайырбай Сәлімов, зейнеткер:

– Күнделікті 12-13 шақырым жүгіремін. Қан айналымы жақсы болады. Сосын өзіңді жақсы сезінесің. Мысалы, қазір 79-80-дегі қарттар қарындарын қампитып жүреді. Ол дұрыс емес.

Жалпы соңғы жылдары елімізде жүгірумен айналысатындар көбейіп келеді. Олардың қай-қайсысы да денсаулығының жақсарғанын айтады. Ал спортшылардың өзгелерге берер кеңесі спортта бәрінен бұрын адамның ерік-жігері мықты болу керек. Сонда ғана биік шыңдарды бағындыруға болады.

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко