Бильярдтан Амангелді Сейітханды еске алуға арналған республикалық жарыс ұйымдастырылды

Елордада бильярдтан белгілі спорт журналисі, комментатор Амангелді Сейітханды еске алуға арналған республикалық жарыс ұйымдастырылды. Тастаяқ турниріне журналистер мен қоғам белсенділерінен құралған 12 команда қатысты. Нәтижесінде Тараздан келген ұжым топ жарды. Олар финалда Алатау командасынан басым түсті. Ал үздік үштікті ұлттық арна түйіндеді.

«Анда да доп-домалақ, мұнда да доп-домалақ. Анда да торға кіреді, мұнда да торға кіреді, деп кейінгі уақытта бес-алты жылда бильярд ойнады». 

Әйгілі комментатор Амангелді Сейітхан футбол десе ішкен асын жерге қойғаны ешкімге құпия емес. Жас журналистермен жарыса ала допты қууға үнемі уақыт табатын. Кейінгі кездегі бильярдқа әуестігін әрі жерлес, әрі әріптес ағасы Қайнар Олжайға осылай түсіндірсе керек.

Қайнар Олжай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Амангелдіден алатын, жасаған тәлімі – адам өзін тәрбиелеп өзінің уақытын бағалауы, өзін бағалауы. Бильярд ойнайтын, бірақ таңнан түнге дейін, түннен таңға дейін еш уақытта ойнаған емес. Екі-үш сағат ойнап, содан кейін рақметін айтып, сыпайы күліп кетіп қалатын.

Бекасыл Амангелдіұлы, А. Сейітханның ұлы:

- Менің әкем негізінде қазақтың баласы болды. Оның ішінде қазақ спортының дамуына өзінің үлкен үлесін қосқысы келді, бұл өмірдегі арманы. Сондай спорттың қызығушылығын арттыру үшін, алдымен, ең бірінші өзін қызықтырды және де одан кейін халықты қызықтырғысы келді.

Дана Нұржігіт, ҚР Сенат депутаты:

- Аманымыздың балалары аман болсын, артында қалған ұрпағы аман болсын деймін. Оны көрермен үнемі іздейді. Сөздің парқын түсінетін, қазақы айтысқа енжар қарамайтын халық іздейді. Сондықтан іздеушісі бар есім. Үнемі біздің жадымызда болуы керек. Ал оның ең басты шарты дәл осындай шараларды өткізіп, достарымызды, дүниеден ерте озған әріптестерімізді осылай қазақ тарихына алтын әріппен жазылуына әсерлі дүние жасап, игі шара ұйымдастыру деп ойлаймын.

Ия, Амангелді Сейітханның тікелей эфирдегі тапқырлығы, ұшқыр ойы мен ұтымды сөзі көрерменнің көңілін серпілтетін.

Шараға жиналған журналистикадағы ізбасарлары мен үзеңгілес достары марқұмды сағына еске алды. Алдағы уақытта оның атындағы футзалдан турнир ұйымдастырып, үздік спорт тілшілеріне арналған жүлде тағайындалса деген тілек бар.

Бақыт Топтаева, Диас Қобланбаев