Франция – Ұлттар лигасының жеңімпазы

Милан қаласында айтулы аламанның финалдық сыны өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Франция Испания құрамасымен кездесті. Барлық гол екінші кезеңде соғылды.

Алдымен Испания сапындағы Микель Оярсабаль мергендігімен көзге түсіп, өз командасын алға шығарған. Бірақ артынша Кәрім Бензема таразы басын теңестірді. Ал 80-минутта Килиан Мбаппе мүмкіндікті мүлт жібермей, Франция құрамасын алға шығарды.

Қорытынды есеп – 2:1. Осылайша Франция футболдағы үш бірдей ірі халықаралық жарысты жеңген алғашқы команда атанды.

Бұған дейін олар әлем және Еуропа чемпионаттарын ұтқан еді. Биылғы бәсекенің қола жүлдесі Италияға бұйырды. Олар соңғы сында Бельгияны 2:1 есебімен ұтты.

Айта кетейік, Ұлттар лигасы осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Алғашқысында Португалия құрамасы топ жарды.