Қарағандыда алғаш рет теннистен екі халықаралық турнир өтеді

Қарағанды қаласында әйелдер арасында алғаш рет екі ITF W25 турнирі өтеді, деп хабарлайды Хабар 24 ҚТФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, жалпы жүлде қоры – 50 мың АҚШ доллары. Жарыстар Қарағандыда өткен жылдың күзінен жұмыс жасай бастаған жаңа теннис орталығында 18-24 және 25-31 қазан аралығында болады.

Жекелей сында Қазақстаннан Гөзал Айнитдинова, Жібек Құламбаева, Екатерина Дмитриченко бақ сынайды. Сонымен қатар бірнеше жас теннисші ұйымдастырушылардан арнайы шақырту алмақшы.

Додаға ресейліктер, әлемнің 133-інші және 195-ракеткалары Виталия Дьяченко мен Мария Мельникова, сондай-ақ Беларусь өкілі Юлия Готовко, нидерландылық Сюзан Ламенс қатысады. Аталмыш теннис орталығы халықаралық талаптарға толық сәйкес келеді. Онда 11 корт (жетеуі жабық) орналасқан.