Қазақстан - Финляндия матчы қашан өтеді

«Кезекті кездесуде есе жіберуге болмайды. Тек қана жеңіс үшін ойнаймыз». Ұлттық құраманың бас бапкері Талгат Байсуфинов алдағы матчқа қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстандық команданың кезекті қарсыласы - Финляндия. Қос тарап бүгін елордада өзара мықтыны анықтайды. Ұлттық құрама сапындағы Александр Марочкин ауырып қалды, Руслан Валиуллин допинг дауына ілікті. Отбасылық жағдайына және жарақатына байланысты жасыл алаңға шықпайтын тағы бірер ойыншы бар. Соған қарамастан қалған жігіттер үмітті ақтау керек дейді бапкер.

Айта кетейік, ұлттық құрама әлем чемпионатына іріктеу аясындағы соңғы матчын 9 қазанда өткізді. «Астана Арена» стадионында Босния және Герцоговина құрамасынан 2:0 есебімен жеңілген еді. Нәтижесінде 6 ойыннан кейін 3 ұпай ғана жинап, өз тобының ең соңғы сатысына жайғасты. Бүгінгі матч елорда уақытымен 20:00-де басталады.