Шорт-трек шеберлері Бейжің олимпиадасына дайын ба?

Мәдіғали Қарсыбеков баптайтын қыз-жігіттер олимпиадаға кешенді дайындықты бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдымен лицензиялық турнирлерге қатысу қажет. Одан кейін Бейжіңдегі қысқы ойындарға аттанып, жүлдеге таласып көреміз дейді бас бапкер.

Елордадағы мұз сарайы. Мұнда Мәдіғали Қарсыбеков баптайтын қыз жігіттер соңғы дайындықты пысықтап жатыр. Бірер күннен кейін Бейжің қаласына аттанып, әлем кубогына қатысады. Одан кейін тағы 3 жарыс бар. Яғни әлемдік аламанның қалған кезеңдері Жапония, Нидерланд және Мажарстанда өтеді. Соның нәтижесінде олимпиада жолдамалары таратылады.

Мәдіғали Қарсыбеков, шорт-тректен ұлттық құраманың бас бапкері:

– Біз 10 лицензия аламыз дедік. Содан кейін эстафетадан 8-дікке кіру керек. Балалар енді лицензияны көбірек алу керек. Қыздар 2-3 лицензияға ие болу керек. Қазақстанда жоспар бойынша 10 лицензия.

Айта кетейік, ұлттық құрама соңғы олимпиадаға да 10 жолдама жеңіп алған. Биылғы мақсат – содан кем түспеу керек. Ал медальға қатысты сұрағыма бас бапкер мырс етті. Бәрімізге белгілі ұлттық құрама үнемі жүлдеге сәл жетпей тоқтайды. Сочи олимпиадасының эстафетасында 5-ші, Пхенчханда 6-орынға тұрақтап ек. Енді мүмкіндікті мүлт жібермейміз дейді.

Мәдіғали Қарсыбеков, шорт-тректен ұлттық құраманың бас бапкері:

– Медаль алуға барлық күшімізді салып жатырмыз. Үздік мамандарды жинадық. Қазақстанда және Ресейде жаттығу жасап, көрші елдің үздік спортшылары бізге спарринг қарсылас болды. Уфада 5 ай жаттығудан өттік.

Ұлттық құрамада айтарлықтай өзгеріс жоқ. Бір қуанарлығы, Абзал Ажғалиев қайта оралған. Ол жарақатына байланысты жылдан аса уақыт спорттан қол үзіп қалып еді. Қазір толық бапқа келдім дейді. Бұл жігітке үлкен үміт артылып отыр. Оны Абзал да жақсы түсінеді.

Абзал Ажғалиев, шорт-тректен ұлттық құраманың мүшесі:

– Үшінші олимпиадам. Қолдан келгенше тырысамын. Ең алғашқы мақсат – орын алу. Жауапкершілік болады. Соны сезінесің. Командадағы әр спортшы сезінеді.

Олимпиадаға жолдама алғандардың нақты тізімі желтоқсанның соңынап қарай белгілі болады. Ал Бейжіңдегі ойындардың өзі тура 4 айдан кейін, яғни ақпанның 4-інде басталады.

Аслан Қаженов, Ерлан Наурызбаев

Сондай-ақ...