Ауыр атлетикадағы дау: Бақыт Ахметов Қазақстан құрамасының бас бапкерлігінен кетті

Бақыт Ахметов ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметінен босатылды.

ҚР Ауыр атлетика федерациясының мәліметінше, бұл шешім Алматы қаласында ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Қазақстанның Ауыр атлетика федерациясы басшылығының ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабына қатысты атлеттер мен жаттықтырушылардан түскен шағымдарды қарау қорытындысы бойынша қабылданды.

«Федерация ҚР Ұлттық олимпиада комитетімен бірлесіп алдағы ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының чемпионаты кезінде ұлттық құрама командасының жаттықтырушылар штабына үміткерлерді іріктеуді осы мақсаттар үшін әзірленген критерийлер негізінде жүргізуге ниетті», – делінген ресми мәлімдемеде.

Бұған дейін отандық ауыр атлетика саласы ішінен іріп жатқанын хабарлағанбыз. Ал бұл даудың ушығуына Альберт Линдердің өлімі себеп. Қайғылы жағдайдан соң Линдердің інісі бапкерлер тарапына ренішін жеткізген. Осыдан кейін Бақыт Ахметов те өз пікірін білдірген. Арада бірнеше күн өткен соң федерация ресми мәлімдеме жасады.