476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қазақстандық спортшы Гиннес рекордтар кітабына енді

  • 704
  • UPD: 12:53, 19.10.2021
Қазақстандық спортшы Гиннес рекордтар кітабына енді tengrinews.kz

Шахтинск қаласының 19 жастағы тұрғыны Руслан Фатахов кермеге тартылудан бес жаңа рекорд орнатып, Гиннестің рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды «Хабар 24» Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Руслан кішкентай кезінен спортқа құмар. Алғашында грек-рим күресін жақсы көрген, кейін жеңіл атлетика, футбол, баскетбол, волейболмен, ал 16 жасында стритлифтингпен айналысқан.

«Спорт – менің өмір салтым. Жеңіске жеткенді, бірінші болғанды жақсы көремін. Стритлифтинг - өз-өзіңмен күресу. Басында артық салмақпен көтеріле алмадым, бірақ ауыр жаттығулар өз нәтижесін берді. Былтыр жазда дене салмағыма +32 келі кермеде тартылуда әлем чемпионы атандым. Чемпионат Киевте өтті», - деді Руслан.

Руслан былтыр қазанда Гиннестің рекордтар кітабына «қосымша салмақпен тартылу» номинациясына өтінім берген. Осы номинациядағы барлық жеті рекордты жаңартуға шешім шығарған. Биыл сәуірде екі жаттықтырушының қатысуымен фото, видеоға түсіріп, жаттығу жасайды. Видео мен қажет құжаттарды жіберген Руслан алты айға жуық уақыт жауап күткен. Жақында оның бес рекорд жаңартқаны расталды. Бұлар: өз дене салмағына +45 кг – минутына 20 рет, дене салмағына +27 кг – минутына 31 рет, дене салмағына +18 кг – минутына 39 рет, және дене салмағына +18 кг кері тартылу – минутына 35 рет. Қалған екі категория бойынша әзірге нәтиже жоқ.

«Гиннестің рекордтар кітабына енгеніме қуаныштымын. Екі категория бойынша қосымша құжат жіберуімді сұрады, жібердім, әлі жауап алмадым. Рекорд орнатамын деп ойлаймын. Қазір Ресейде оқимын. Шет тілдерін үйреніп, әрі жаттығу жасаймын. Болашақта жаттығу мен стритлифтинг секциясын ашып, тәжірибеммен бөліскім келеді», - деді Руслан Фатахов.

Спортшының рекордтары туралы ақпарат Гиннестің рекордтар кітабының ресми сайтында да бар.

 

Хабар 24 телеарнасы