Қазақстан құрамасы шорт-тректен лицензиялық жарысқа қатысады

Әлем мықтылары жолдамаға таласты бастайды. Ертең Бейжің төрінде шорт-тректен лицензиялық турнир өтеді. Оған 36 елдің өкілдері қатыспақ.

Мұның ішінде қазақстандық құрама да бар. Мәдіғали Қарсыбеков баптайтын қыз-жігіттер Қытай астанасына жетіп, коронавирусқа қатысты тест тапсырды. Барлық медициналық сынақтан сәтті өтіп, соңғы дайындыққа кірісті делінген Ұлттық Олимпиадалық комитет жариялаған ақпаратта. Жарыс төрт күнге созылады.

Алғашқы екі күнде іріктеу сындары ұйымдастырылып, кейінгілерінде жеңімпаздар анықталмақ. Бас-аяғы 12 спортшымыз бағын сынап көреді. Жарақат алғандар жоқ. Барлығы да бабында. Олар жарыс алдындағы жаттығу жинын елордада пысықтады.

Айта кетейік, өткен Олимпиадада шорт-трек шеберлері 10 жолдама жеңіп алған. Биыл да сол нәтижені қайталау жоспарда бар.