«100 шақырым+» челенджінің жеңімпазы онлайн жүйеде анықталады

Түрлі сала өкілдері «100 шақырым+» челенджіне қатысып, өз мүмкіндіктерін сынап көруде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы қашықтықты марафоншылар бір айдың ішінде еңсеруі керек. Сайыста кімнің бәсі биік екенін онлайн жүйеде бағамдай алады.

Челленджге тіркеліп, өз мүмкіндігін сынауға бел буған Әсел Тағайбаева дене қыздыруға асқан ұқыптылықпен қарайды. Себебі күн сайын 10 шақырымды еңсеруді әдетке айналдырған. Алғашында спортты сырттай бақылып жүрген ол енді өзін кәнігі спортшыға балайды.

Әселдің мақсатқа деген қадамы нық. Жүгірудің пайдасын ұққан ол бүгінде ауа райына да қарамайды. Денсаулықты басты байлыққа балап, Дендросаябаққа күнде таңертең арнайы келеді. Жүгірген шақырымы мен тізімдегі көрсеткіші мобильдік қосымшада айқын көрсетіліп тұр.

Әсел Тағайбаева, «100 шақырым+» челленджіне қатысушы:

- Қазіргі таңда 20 қазанда 686 адам тіркеліпті. Оның ішінде 100 км-ден асырғандардың саны 200-дей адам 100 шақырымды жүгіріп өтті. Мен қателеспесем 39 орында тұрмын.

Әсел қалалық патрульдік полиция полкінде қызмет етеді. Сондықтан спорттық жетістігінің жұмысында да пайдасы көп. Бірақ ол үшін жүгіру ең алдымен өз мүмкіндігін тексеріп, өзін жеңуге жол ашты.

Әсел Тағайбаева, «100 шақырым+» челленджіне қатысушы:

- Ең үлкен жетістігім осы жүгіруді бастаған кезде әрине шақырымдарым аз болатын. Және де аяқтарым ауырып, демім қысылып 1 шақырымды 7 минутта жүгіретін болсам, қазіргі таңда 1 шақырымды 5 минутта енсеруге тырысамын. Полиция қызметкерлерінің барлығы да спортқа бейім болуы керек. Ол бірінші орында тұрады.

Қазір «100 шақырым+» челленджі еліміздің әр өңірінен жүйріктерді қатарға қосып жатыр. Қараша айының соңына дейін өзге де ниет білдірушілерге мүмкіндік бар. Жеңімпаз шарттың міндеттерін түгел орындаған желяқтардың арасынан таңдалады.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов