Қазақстандық 4 боксшы әлем чемпионатының ширек финалына шықты

4 спортшымыз ширек финалда. Белград қаласында бокстан әлем чемпионаты жалғасып жатыр.

Жерлестеріміз арасынан ең бірінші болып ширек финалға жеңіл салмақтағы Теміртас Жүсіпов өткен. Күні кеше оның жеңіс жолын 54 келідегі Махмұт Сабырхан жалғастырды. Ол шотландиядық Мэттью Макхэйлмен жолығып, төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Қорытынды есеп: 4:1. Енді 20 жастағы қазақстандық боксшы Бразилия өкілімен жұдырықтасады. Жекпе-жек ертең өтеді. Артынша дәл осындай жетістікке Саматәлі Төлтаев жетті. 60 келіде өнер көрсететін қазақстандық боксшы 4:1 есебімен колумбиялық  Дуван Зулетаны ұтты. Саматәлінің кезекті қарсыласы Франция өкілі Софьян Умиа. Кейінгісі 2016 жылғы олимпиаданың жүлдегері және 2017 жылғы әлем чемпионы. Асланбек Шымбергенов те жарыс жолын жалғастырады. Ол өзінің кезекті кездесуін германиялық Магомед Шахидовқа қарсы өткізді. Алғашқы раундттарда жерлесіміз басым болды. Соңғысында тіпті техникалық нокаут тіркелді. Енді Асланбек жартылай финал жолдамасына таласады. Ал Айбек Оралбай жарыстан шығып қалды. 92 келіде сынға түскен елордалық спортшы өзбекстандық қандасымыз Мадияр Саидрахимовқа есе жіберді. Бірінші раундта қарсыласы, екінші раундта Айбектің өзі нокдаун алды. Кездесу соңында төреші Мадиярдың қолын көтерді. Бұған дейін қазақстандық боксшылар арасынан Нұрлан Сапарбай мен Бек Нұрмағамбет қарсыластарына есе жіберіп, бәсекені тоқтатқан еді. Қалған 10 жігіт жарысты жалғастырып жатыр. Оның алтауы бүгін шаршы алаңға шығады. Атап айтқанда, Серік Теміржанов, Абылайхан Жүсіпов, Нұрқанат Райыс, Сәкен Бибосынов, Санатәлі Төлтаев және Нұрбек Оралбайлар іріктеу кезеңіндегі кезекті жекпе-жектерін өткізеді. Сербиядағы жарыстың жалпы қорытындысы 7 қарашада белгілі болады.

Хоккейден ел чемпионаты жалғасып жатыр және жарыстың кезекті күні тарысты матчтарға толы болды. Әсіресе  турнир тізімінің басында тұрған «Арлан» үшінші тұрған «Торпедомен» жолықты. Өскемен қаласында өткен матч қонақтардың жеңісімен аяқталды. Қорытынды есеп: 1:2. Осылайша көкшетаулық клуб топ басындағы орнын сақтап қалды. Бірақ бірер матчтан кейін оны «Сарыарқа» басып озуы мүмкін. Қарағандылық клуб бұл жолы «Теміртау» командасымен кездесіп, 8:0 есебімен жеңіске жетті. Соның арқасында «Сарыарқа» турнир тізіміндегі ұпайын 26-ға жеткізді. Ал «Арланда» 31. Бірақ қарағандылық клуб 2 ойын кем өткізді. Сондықтан алдағы күндері үздіктер арасындағы тартыс күшейеді. Бұған қоса күні кеше «Ертіс» пен «Номад» командалары кездесті. Павлодар қаласында өткен мачта елордалықтар басым түсті. Қорытынды есеп 6:1. Номад турнир тізімінде 7, ал Ертіс ең соңғы, яғни 13-сатыда тұр. Негізгі чемпионат ақпанның соңына дейін жалғасады. Ал жарыс жеңімпаздары сәуірдің 17-сінде белгілі болады.