Ақмолалық спортшы 100 шақырымнан асатын марафонда үздіктер қатарына қосылды

Спортшы бір айдың ішінде бас-аяғы 300 шақырымға жуық қашықтықты жүгіріп өткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша қазір ол 6 орында келеді.

Айта кетейік, аталған онлайн марафонға еліміз бойынша 1 мыңнан астам адам қатысып жатыр. Салауатты өмір салтын насихаттауға арналған бұқаралық шара 1 желтоқсанға дейін жалғасады.

35 жастағы Полина 20 жылға жуық шаңғы тебумен айналысқан. Ал пандемия кезінде жүгірумен шұғылдана бастапты. Небәрі бір жарым жылдың ішінде бірнеше байрақты бәсекеге қатысып, жүзден жүйрік атанды.

Полина Саутиева, спортшы:

– Жүгіру менің өмірімді қатты өзгертті. Жаңа таныстар, жаңа достар пайда болды. Елімізде жүгірумен айналысатындар өте көп екен. Бәріміз бір-бірімізбен хат алмасып тұрамыз. Тәжірибемізбен бөлісеміз. Бір жерде тұратындар болса, бірге жарысамыз. Өте қызықты. Бұның бәрін үлкен бір жүгіру әлемі деуге болады.

Полинаның ең үлкен жеңісі де жоқ емес. Ол осыдан бір ай бұрын Алматыда өткен «ультра-марафонда» 100 қатысушының арасынан мәреге бірінші боп келді. Спортшы 71 шақырымды 7 сағатта еңсерген. Енді ол бұл көрсеткішті одан әрі арттырмақ.

Полина Саутиева, спортшы:

– Ендігі мақсатым – келесі жылы осында өтетін Бурабай марафонына қатысу. Одан кейін Алматының таулы аймақтарындағы ультра-марафонға да барсам деймін. Бірақ ол өте қиын жарыс. Дегенмен жақсылап дайындалып, жеңіске жетуге тырысамыз.

Полина нәзік жанды болса да, әріптестері оның ерге тән ерік-жігеріне тәнті.

Алексей Скороход, жаттықтырушы:

– Ол көп жарысқа барады. Жүрген жерінде спортты насихаттайды. Өзі өте еңбекқор. Оның осы жерде жүгіріп жүргенінің өзі біздің оқушыларға үлкен мотивация. Шаңғысын да тастаған жоқ. Жазда жүгіреді, қыста шаңғы тебеді. Осындай адамға қалай таң қалмайсың?

Ал Полинаның ең үлкен арманы – шәкірт тәрбиелеу. Өскелең ұрпақты спортқа баулитын жеке үйірмем болса дейді. Әзірге өз жетістіктерін әлеуметтік желілерде жариялап, жұртқа салауатты өмір салтын насихаттап жүр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко