Роберт Левандовски Роналду мен Мессиден озып, Чемпиондар лигасының рекордын орнатты

«Бавария» шабуылшысы Роберт Левандовски Чемпиондар лигасындағы 80-голын соқты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі УЕФА Twitter-парақшасына сілтеме жасап.

Польшалық форвард «Манчестер Юнайтед» шабуылшысы Криштиану Роналду мен «Пари Сен-Жермен» жұлдызы Лионель Мессиді басып озды. Ол Чемпиондар лигасында 80 голды ең жылдам соққан футболшы атанды. Левандовскиге осынша гол соғу үшін 100 матч жеткілікті болды. Месси мұндай көрсеткішке 102 матчта жеткен, ал Роналду ол үшін 116 матч өткізген.

Еске салайық, ЧЛ топтық кезеңінің төртінші турында «Бавария» «Бенфиканы» 5:2 есебімен жеңген болатын. Роберт бұл ойында хет-трик авторы атанған.