Бақтияр Артаев: Қола дәуірінен өтіп, алтын дәуіріне қайта оралдық

Әлемнің алтыны біздің қолда. Теміртас Жүсіпов Сербия төрінде көк туды желбіретті. 48 келі салмақта жұдырықтасқан отандасымыз финалда таиландық қарсыласын 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Ал 20 жастағы Махмұд Сабырхан – күміс жүлдегер. Бокс десе ішкен асын жерге қоятын жұртшылық бүгін де боксшыларымыздан үміт күтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Теміртас ерледі! 33 жасында әлем чемпионы атанып, алғашқы алтынды иеленді. 48 келіде жұдырықтасқан отандасымыз финалда таиландық Вуттичай Юрачайды үшінші раундта нокдаунға түсіріп, қарсыласын 5:0 есебімен жеңді.

Теміртас Жүсіпов, бокстан әлем чемпионы:

– Біріншіден қазақ еліне, Қазақстан халқына көп рахмет айтқым келеді. Қолдап келген жанкүйерлерге рахмет айтамын. Бұл жеңіс бүкіл Қазақстан халқына арналады. 

Жекпе-жек толығымен біздің боксшының басымдығымен өтті. Атап өтейік, Теміртас Жүсіпов бұған дейін әлем чемпионаттарында жүлде алмаған. Не керек, Теміртас та, мұқым қазақ елі де бұл жеңісті көп күтті.

Бахтияр Артаев, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті:

– Қола дәуірінен өтіп, алтын дәуірге де келіп жатырмыз. Отандастар барлығыңызды шын жүректен құттықтаймын! Енді екі жігітіміз шығады. Енді ол жақтан да алтын күтеміз.

Ал терімтастан кейін шаршы алаңға шыққан 20 жастағы Махмұд Сабырхан финалда жапондық Тамоя Цубойға есе жіберіп, әлемдік сынның күміс жүлдегері атанды.

Махмұд Сабырхан, әлем чемпионатының күміс жүлдегері:

–Үш раундта қуып жүріп ұрған сияқты болдым. Маған бермеді. Екінші орынға да шүкір. Жанкүйерлерге рахмет. Жанкүйерлер мені жеңімпаз болады деп ойлаған еді. Қазақ елінен кешірім сұраймын.

– Бокстан олимпиада чемпионы Серік Сәпиев те бұл жеңісті көп күттік дейді. Жігіттердің аяқ алысын, жеңіске деген жігерін ол жоғары бағалады.

Серік Сәпиев, бокстан олимпиада чемпионы:

– Қазақстанның боксы әрдайым жоғары деңгейде болған. Кейбір жерде сәттілік жетіспеді. Ал мына әлем чемпионатында біздің жігіттердің дайындығын шетелдіктер жоғары бағалап отыр. Біраз боксшымыздың финалға шыққаны соның айқын дәлелі.

Бұл алғашқы әрі соңғы алтын емес деген үміт басым. Әлі екі боксшымыз финалда. Бүгін шаршы алаңға бізден 51 келі салмақта Сәкен Бибосынов және 57 келіде бокстасатын Серік Теміржанов шығады.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы

Сондай-ақ...