Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері тағайындалды

Талдықорғанда ҚР Мәдениет және спорт министрінің басшылығымен Қазақстанның жеке-командалық чемпионаты аясында ҰОК Бас директоры Серік Қасқабасов пен федерацияның атқарушы директоры Алдияр Нұралиновтың қатысуымен жаттықтырушылар Кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24» ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отырыс барысында жаттықтырушылар Кеңесінің басым көпшілік дауысымен Дәурен Бекмұханбетов ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері болып сайланды.

Ашығын айту керек,  танымал спортшы Альберт Линдердің қайтыс болуы және одан кейінгі спортшылардың, жаттықтырушылардың, сондай-ақ Альберт Линдердің туыстарының көптеген үндеулері мен өзге оқиғалар түбегейлі шаралар қабылдаудың шешуші себебі болғаны анық.

Министрдің араласуынан кейін жаттықтырушылар штабы тарапынан өрескел бұзушылықтар анықталып, нәтижесінде құраманың бас жаттықтырушысы Бақыт Ахметов, аға жаттықтырушы Сергей Седов және басқалар жұмыстан шеттетілді.

Министр жиынға федерация басшылығы өкілі ретінде қатысқан Алдияр Нұралиновке допингтік жанжалдардан кейін федерацияны сауықтыру бойынша атқарған орасан зор жұмысы және осы спорт түрін дамыту бойынша қолға алынған күш-жігері үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ А.Райымқұлова отырысқа қатысқан жаттықтырушыларға қазақстандық спорттың дамуына баға жетпес үлес қосқаны үшін ризашылығын білдірді.

Министр отырыс барысында спорттағы әділетсіздік туралы өтініштердің ұлғаюына және оларды растайтын фактілерді анықтауға байланысты еркін стильдегі танымал қазақстандық палуан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Сидней Олимпиадасының (2000) күміс жүлдегері Ислам Байрамуковты спорт бойынша омбудсмен етіп тағайындау туралы шешім қабылдағандығын хабарлады.

Қоғамды дамытудағы және әлемдік қоғамдастықтағы елдің имиджін нығайтудағы басым бағыттардың бірі -спорт.
Жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың арқасында Қазақстанда дене шынықтыру мен спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымды жаңарту және салу, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, спортпен және дене шынықтырумен айналысатындардың санын арттыру, сондай-ақ салауатты өмір салтына тарту үшін көптеген игі істер атқарылып жатыр.