«Канело» Головкинмен жұдырықтасуға дайын екенін мәлімдеді

Мексикалық боксшы Сауль Альварес америкалық Калеб Плантты жеңгеннен кейін өз жоспарлары туралы айтып, қазақстандық Геннадий Головкинмен үшінші жекпе-жек өткізу туралы сұраққа жауап берді.

Мен үшін тағы төрт жекпе-жек өткізу – қалыпты жағдай. Үш немесе төрт жекпе-жек өткізуге дайынмын. Мен еркін агентпін, сондықтан үздік жекпе-жектерге қатысқым келеді, – деді Альварес.

Сондай-ақ «Канело» орта салмақтағы IBF және IBO белбеулерінің иегері Геннадий Головкинмен үшінші жекпе-жек өткізуге қатысты ойын айтты.  

Менің Головкинмен жұдырықтасқым келеді. Неге жекпе-жек өткізбеске? Егер ол супер орта салмаққа ауысуға дайын болса, мен дайынмын. Әрқашан. Абсолютті чемпион болу оңай емес. Үздіктермен жұдырықтасуға әрқашан дайынмын, – деп толықтырды ол.

Альварестің Головкинмен 2017 жылдың қыркүйегінде өткен алғашқы жекпе-жегі тең аяқталды. Тура бір жылдан кейін қарымта кездесуде мексикалық боксшы төрешілер шешімімен жеңіске жетті.

Альварес Плантты 11-ші раундта нокаутқа түсіріп, супер орта салмақ тарихындағы алғашқы абсолютті әлем чемпионы атанды.