«Хабар» агенттігінің тілшісі «100 шақырым+» челленджіне қатысып жатыр

«Хабар» агенттігінің қолдауымен өтіп жатқан «100 шақырым+» челленджіне «Хабар» арнасының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Ақмарал Есімханова да қатысып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол ұзақ қашықтықтағы марафондардан қалмауға тырысады. Ең басты мақсаты – салауатты өмір салтын ұстанып, өзгелерге үлгі болу.

Ақмарал Есімханова, «Хабар» агенттігінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі:

– Жүгіру ол бұл жеңіл жүрігіс емес, бұл – бірінші кезекте үлкен жауапкершілік. Үлкен тәртіпті талап етеді. Егер тәртіп болмаса, жүйелі жаттығу болмаса, ешқандай нәтиже де болмайды.

Әріптесіміз Ақмарал Есімханова ойы да, аяғы да жүйрік жан. Ол таңертең таза ауада жүгіруді күнделікті әдетіне айналдырған. Оның алдында жаттығып, дене қыздырып алады. Жыл басынан бері 3 мың шақырымдай қашықтықты артқа тастаған желаяқ журналист тау шыңын да бағындырды.

Ақмарал Есімханова, «Хабар» агенттігінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі:

– Әрине таза ауада және де осындай әдемі табиғат аясында спортпен шұғылдану – ол бөлек мәдениет, ол бөлек дүние. Сондықтан осы жерге жиі келіп тұрамыз. Күнара келемін деп айта аламын. Біздің жағалау Ертістің бойы Қазақстандағы ең әдемі жағалауларының бірі. Бұл жүгіруге де, спортпен айналысуға да ең ыңғайлы және әдемі орындардың бірі деп ойлаймын.

Таңертең жүгіру – бойды сергітіп, күн ұзаққа қуат береді. Ақмарал жаттығудан кейін жаңалық жинайды. Арнамыздың Павлодар облысындағы меншікті тілшісі тығыз уақытына қарамастан «100 шақырым+» челленджіне қатысуға бел буды.

Ақмарал Есімханова, «Хабар» агенттігінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі:

– Бұл челленджің негізгі мақсаты, менің ойымша, бұқаралық спортты дамыту, оның ішінде жеңіл жүгіріс. Әуесқой спортшылар арасында немесе осы жүгіруді бастай алмай немесе қатарластарын таба алмай жүрген адамдарға үлкен көмек. Осы челлендж арқылы біз бір-бірімізді тауып, бір-бірімізге көмектесеміз. 

Алда жаңа белестер. Ақмарал әйгілі Афинаға дейінгі халықаралық марафонға қатысуды ойлап жүр. Әріптесіміз жаһан кезуді да жақсы көреді. Сонымен қатар ол Эверест шыңына шығуды армандайды.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Ербол Әбішев, Марат Игіліков

Сондай-ақ...