«Астана» «Қайратқа» есе жіберді

Футболдан Қазақстан кубогы өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Астананың» жолы болар емес. Қазақстан кубогы аясында қос команда Нұр-Сұлтан қаласында жолықты. Алғашқы голды қонақтар сапындағы Раде Дугалич соқты. Артынша Хосе Канте мен Артур Шушеначев есепті еселеп, қортынды нәтижені 3:0-ге жеткізді. Оған паралель Қарағандыда Шахтер мен Тобыл жолығып, алғашқысы 5:2 есебімен жеңілді. Енді жартылай финал аясындағы қарымта матчтар 20 қарашада өтеді. Ал жарыстың жалпы қорытындысы осы айдың соңында белгілі болады.

АСЫЛ АЙТАҚЫН ЕРКІН КҮРЕСТЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ

Белград қаласы бокстан кейін күрестен де дүниежүзілік доданы қабылдады. Жарыстың соңғы күндері еркін күрес шеберлерінің бәсекесі өтті. 23 жасқа дейінгілер арасындағы додада бір ғана жерлесіміз медальға қол созды. Орта салмақта өнер көрсеткен Асыл Айтақын  соңғы сында мажарстандық Гамзатгаджи Халидовты ұтып, қола жүлдегер атанды. Бұдан бөлек тағы 8 қазақстандық палуан өнер көрсеткен. Оның ішінде ересектер арасындағы ұлттық құраманың мүшесі Нұрқожа Қайпанов та бар. Бірақ қай-қайсы да іріктеу сынарынан аса алмады. Мұның алдында бозкілемге әйелдер күресі мен грек-рим күресінің шеберлері де шықты. Бірақ ұлттық құрама мүшелерінің  ешқайсысы жүлдеге ілікпеді.

ЖАҢА БАС БАПКЕР ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Ауыр атлетикаға жаңа бас бапкер келді. Енді ұлттық құраманы Дәурен Бекмұхаммедов жаттықтырады. Бұл жөнінде Мәдениет және спорт министрлігі хабарлады. Ресми сайттағы ақпаратқа сәйкес, шешім Талдықорғанда жаттықтырушылар кеңесінің отырысында қабылданған. Оған танымал спортшы Альберт Линдердің қайтыс болуы және отандық  атлеттердің әлеуметтік желідегі шағымдары түрткі болды. Кейін арнайы тексеріс ұйымдастырылып, жаттықтырушылар штабы тарапынан өрескел олқылықтар анықталды. Нәтижесінде құраманың бас жаттықтырушысы Бақыт Ахметов, аға жаттықтырушы Сергей Седов және басқалар жұмыстан шеттетілді.

 

ҚАЗАҚСТАН ФУТБОЛШЫЛАРЫ ФРАНЦИЯ ҚҰРАМАСЫМЕН КЕЗДЕСЕДІ

Әлем чемпионатына іріктеу аясындағы матч Парижте өтеді. Өкінішке қарай, ойынға ұлттық құрама үздіктері Георгий Жуков, Бахтияр Зайнутдинов және Ян Вороговскийлер қатыспайды. Қалған жігіттер дайындығын пысықтап, жақын арада кәрі Құрлыққа аттанады.