Қазақстан футболын майшелпекке айналдырған кімдер?

Бұдан былай футболға бюджеттен көк тиын да бөлінбейді. Құзырлы федерация қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселеге қатысты пікір білдірді.

Бас хатшының айтуынша, «миллиардттаған қаржы қарастырылады» деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Тіпті федерация алдағы жылдан бастап мемлекеттің қолдауынан бас тартпақ.

105 миллиард теңге. Отандық футболға соңғы 3 жылда осынша қаржы бөлінді. Қазір ақпарат құралдарында дәл осы дерек кеңінен таралып, қызу талқыланып жатыр. Алайда құзырлы федерация мұны жоққа шығарды.

Азамат Айтхожин, Қазақстан Футбол федерациясының бас хатшысы:

«Қазақстан футбол федерациясы былтыр және биыл ел бюджетінен 200 миллион теңге алды. Бұның барлығы әртүрлі деңгейдегі ұлттық құрамаларымыздың халықаралық жарыстарға дайындығына жұмсалды. «Миллиардтардың» қайдан шыққанын білмеймін. Алдағы жылы федерация, тіптен мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдардың қаржыландыруынан бас тартады. Біз тек УЕФА тарапынан бөлінген ақшаны жаратамыз. Бұған қоса демеушілер тартуға тырысамыз». 

Айтқожин ұлттық құрамаға қатыстыны ғана айтып тұр. Ал біздің білетініміз, мемлекеттік қаржының ауқымды бөлігі кәсіпқой клубтарға бөлінеді. Мәселен, тізімде қостанайлық «Тобыл» бірінші тұр. Сәйкесінше олар ел чемпионатында топ жарды. Бірақ бюджеттің ауқымы команданың әлеуетіне байланысты бола бермейді. Мәселен, қазынандан ең көп ақша алатын командалардың бірі «Тараз» биыл турнир тізімінің төменгі сатыларынан табылды. Ал Жоғарғы лигада жолы болмай, Біріші лигаға түскен «Қайсар» басшыларының жалақысы көпшіліктің жағасын ұстатты. Спорттық порталдар клуб директоры 10 миллион теңге, ал спорттық директоры 8 миллион теңге жалақы алғанын жарыса жариялады. Бұл ай сайын алатын жалақы ғана. Бұған қоса сыйақы және басқа да төлемдер бар. Ал сала мамандары мемлекеттің қолдауынсыз футболды дамытуға болатынын айтады. Сондай команданың бірін біз елордадан таптық.

Дидар Сыдықбек, футбол клубының жетекшісі:

- Кәсіпқой футбол клубын ұстауға жылына кемінде 50-60 миллион теңге керек. Мен бұл қаржыны өзім тауып, команданың қажеттілігіне жұмсаймын. Біздің балалар жыл сайын 3-4 жарысқа қатысады. Бұдан бөлек жаттығу жиындары және басқа да шығындар бар. Осылай 6 жылдың ішінде бас-аяғы 150-200 миллион теңгеден қаржы жұмсаппын. 

Қазақстан құрамасы бүгін Тәжікстан аяқдопшыларымен жолығады. Кездесу жолдастық форматта өтеді және осының өзі Париж төрінде болған жағдайды ұмыттырып, жанкүйерлердің үміт отын сөндірмесе екен.

Аслан Қаженов