Ауыр атлетикадан әлем чемпионатында Қазақстан атынан кімдер өнер көрсетеді

7-17 желтоқсан аралығында Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында ауыр атлетикадан Әлем чемпионаты өтеді. Бұл ерлер арасындағы 86-шы, ал әйелдер арасындағы 29-шы бәсеке. Ташкент төрінде әлем атлеттері 20 салмақта (10 ер, 10 әйелдер) кім мықтыны анықтайды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын зілтеміршілер – Арли Чонтей (55 келі), Нұрғиса Әділетұлы (96 келі), Артем Антропов (96 келі), Карина Күзғанбаева (81 келі), Айзада Муптильда (87+ келі).

Қазір ұлттық құрама спортшылары Алматыда «Ақбұлақ» Олимпиадалық орталығында жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Кеше ҰОК Спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов пен Ауыр атлетика федерациясының Бас хатшысы Алдияр Нұралинов құрамасының мүшелерімен кездесіп, сәттілік тіледі.

Әлем чемпионатындағы барлық салмақ:

Ерлер: 55 кг, 61 кг, 67 кг, 73 кг, 81 кг, 89 кг, 96 кг, 102 кг, 109 кг, +109 кг;

Әйелдер: 45 кг, 49 кг, 55 кг, 59 кг, 64 кг, 71 кг, 76 кг, 81 кг, 87 кг, +87 кг;

Әр салмақтағы жүлде жиынтығы жалпы есеппен қатар жұлқа және серпе көтеру жаттығуында да сарапқа салынады. Ал командалық жүлде ерлер мен әйелдер арасында үздік нәтиже көрсеткен алты құрамаға табысталады.

Допинг-бақылауды тағайындалған сынама бойынша Халықаралық ауыр атлетика федерациясы атынан Халықаралық допинг-тестілеу агенттігі (ITA) жүргізеді. Чемпионаттағы жарыстар мен жаттығу кезінде Халықаралық ауыр атлетика федерациясы мақұлдаған Werkman штангалары ғана қолданылады.

Сондай-ақ IWF ережесіне сәйкес, барлық қатысушыны тиісті федерация өздерінің туған қаласынан кетер алдында жазатайым оқиғалардан/жарақаттардан/аурулардан (Covid-19) сақтандыруы керек.

Айта кетейік, биылғы әлем чемпионаты Перу астанасы Лимада өтуге тиіс болған. Алайда COVID-19-дың таралуына байланысты Халықаралық ауыр атлетика федерациясы аталған чемпионатты өткізуге дайын екенін растаған Өзбекстанға ауыстырды. Ал әлем чемпионаты аяқталысымен Ташкентте 20-21 желтоқсанда IWF-тің (Халықаралық ауыр атлетика федерациясы) сайлау конгресі өтеді. Жиында Халықаралық федерацияның жаңа басшысы сайланады. Негізі бұл конгресс 2-3 желтоқсан аралығында өтуі керек еді. Бірақ жаңадан қабылданған IWF конституциясына сәйкес, кандидаттарды сайлау алдында тәуелсіз комиссия тексеруі керек.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейінгі әлем чемпионаты 2019 жылы 28-27 қыркүйек аралығында Тайландтың Паттайя қаласында өтті. Бұл бәсекеде Қазақстан үшін жалғыз медальді Игорь Сон (55 келі, күміс медаль) алып келді. Жалпы 84 елдің өкілі бақ сынаған Тайландтағы додада 23 әлем рекорды (ерлерде 12, әйелдерде 11) орнатылды.