«Манчестер Юнайтед» клубы бас бапкерсіз қалды

Уле-Гуннар Сульшер қызметінен кетті. Бұл туралы «Манчестер Юнайтедтің» ресми сайты хабарлады.

Енді команданың бас бапкері қызметін уақытша Майкл Кэррик атқарады. Дегенмен, клуб басшылығы «Қызыл сойқандармен» осы маусымның соңына дейін ғана жұмыс істейтін тәжірибелі жаттықтырушы табуды жоспарлап отыр.

Еске салайық, Сульшер «Манчестер Юнайтед» клубын 2018 жылы қабылдаған болатын. Норвегиялық маманның жетекшілігімен клуб өткен маусымда Еуропа лигасының финалына дейін жетіп, «Вильярреалға» жол берді. Ал Англия премьер-лигасының биылғы маусымында 12 ойын өткізіп, 17 ұпай жинады. Қазір турнирлік кестеде 7-орында тұр.

Уле-Гуннар Сульшер, «Манчестер Юнайтед» клубының бұрынғы бас бапкері:

- Осындай клубта бас бапкер болғанымды мақтан тұтамын. Мен үшін үлкен мәртебе. Команданың әлдеқайда жетіліп, алға жылжуына септігімді тигіздім деп үміттенемін. Бұл жерден жаңа достар таптым. Біраз тәжірибе жинадым. Сондықтан тек ризашылығымды білдіргім келеді.