Нұр-Сұлтанда садақ атудан халықаралық жарыс мәресіне жетті

Елордада садақ атудан еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы және астанамызда осы спорт түрінің негізін қалаушы Светлана Ли атындағы бәсеке болды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Оған 7 мемлекеттен 80-нен аса сұрмерген жиналды. Нәтижесінде классикалық садақ атуда ресейлік Баир Цыбикдоржиев топ жарды. Ал әйелдер арасында қазақстандық  Александра Воропаева қарсылас шақ келтірмеді. Жасөспірімдер арасында тағы бір қазақстандық Владислав Мағжанов пен өзбекстандық Мунисохан Юлдашева жеңімпаз атанды. Блоктық садақ атуда жерлестеріміз Сергей Тиан мен Адиль Жексенбинова үздік нәтиже тіркеді. Ал аралас сында Айман Амангелді мен Александр Смагин жұбы чемпион болды.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында садақ атудан халықаралық жарыс алғаш рет өтті. Алдағы уақытта оны  тұрақты ұйымдастырып, Азия және Әлем Кубоктарының кезеңіне айналдыру жоспарланып отыр.

Ирина Ли, садақ атудан қалалық құраманың аға жаттықтырушысы:

– Жарысқа еліміздің және көрші мемлекеттердің үздік спортшылары келді. Араларында Олимпиада және Азия ойындарының қатысушылары, тіпті, жүлдегерлері де бар. Халықаралық дода аса тартысты өтті. Бұл спортшылардың тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдауға жақсы мүмкіндік болды.

ЕУРОПА ЧЕМПИОНАТЫНА ДАЙЫНДЫҚ

Әлем чемпионатындағы тарихи жетістікті енді Еуропада қайталау қажет. Рикардо Кака баптайтын ұлттық құрама құрлықтық додағаға кешенді дайындықты бастады. Жыл соңына дейін Өзбекстан құрамасымен екі жолдастық кездесу өткізеді. Матчтар елордада желтоқсанның ортасында болады. Ал, қаңтар айында Украина құрамасымен жолығады. Бұл жөнінде Украина құрамасымен бас бапкері Александр Косенко мәлімдеді. Еуропа чемпионатының өзі қаңтардың 19-ында басталып, ақпанның 6-сына дейін жалғасады. Оны Нидерланды елі қабылдайды. Жеребе тарту нәтижесінде ұлттық құрама «В» тобына түсті. Бұнда Қазақстаннан бөлек  Словения, Италия және Финляндия құрамалары бар.

ҚОҢҚАБАЕВ КӘСІПҚОЙ БОКСҚА ОРАЛДЫ

Ол 11 желтоқсан күні Алматыда өтеТін жекпе-жек кешіне қатысады. Бұл жөнінде жерлесіміздің өзі мәлемдеді. Қамшыбек бұл жолы британиялық Стивен Уордпен жолығады. Қарсыласы бүгінге дейін 12 кездесу өткізіп, он біріншісінде жеңіске жеткен. Ал Қамшыбектің көрсеткіші 3 жекпе-жек, 3 жеңіс. Осы айқастың жеңімпазына бірінші ауыр салмақтағы WBA Gold чемпиондық белдігі табысталады.

Айта кетейік, Қамшыбек Токио олимпиадасынан кейін алғаш шаршы алаңға шыққалы тұр. Жазғы ойындарда ол жартылай финалға дейін жетіп, соңғы сында америкалық боксшыға есе жіберді. Одан кейін Серияда өткен әлем чемпионатына қатыспады. Бірақ ұлттық құрамадан кеткендігі жөнінде ресми мәлімдеген жоқ.