Талдықорғанда ұлттық жекпе-жектен әлем кубогі өтті

Ұлттық жекпе-жек жарыстары жанданды. Талдықорған қаласында ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына және қазақтың тұңғыш генералы Сабыр Рахимовтың жүлдесіне арналған әлем кубогінің финалдық кездесулері өтті, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Жасөспірімдер мен жастар және әйелдер арасындағы тартысты бәсекеде қазақ спортшылары тамаша өнер көрсетті. Финалға өзге мемлекеттердің жекпе-жек өнері шеберлерінен бірді-екілі өзбек спортшысы ғана шыға алды. Қалғанының бәрі өзіміздің қаракөз қандастар. 55 келіде Адилхат Сенби, 65 келіде Нұржігіт Бексұлтан, 70 келіде Түсінген Құрбанбек, ал 80 келіде Есболат Өміржан сияқты жігіттеріміз жеңімпаз атанды. Әйелдер арасында Жансая Ермағанбетова мен Махсуда Жаппаровалар тамаша өнер көрсетті.

Нұрбақыт Теңізбаев, Алматы облыстық спорт басқармасының басшысы:

–Бүгінгі жарысқа 30 спортшы қатысып жатыр. Финалдық айқас өздеріңіз көргендей тамашаланып, өткізіліп жатыр. Мықты деген спортшылардың іріктеуі бұл. Жарыстың деңгейі жоғары өтуде деп айтуға болады. Өйткені мына әлем кубогының финалдық кезеңіне біздің әр жақтан келген спортшыларымыздың дайын келгендері көрініп тұр.

ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР

Биыл қазақ даласының батыры, күш атасы – Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл. Осыған орай Түркістанда қазақ күресінен халықаралық турнир өтіп жатыр. Оған Ресей,Өзбекстан, Қырғызстан, Тəжікстан және Қазақстаннан 30-ға жуық палуан жиналды. Жарыс 2 күнге созылады. Бағы жанған палуан үйіне темір тұлпар тізгіндеп қайтады.

Айта кетейік, көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналған Қажымұқан әлемнің 30-дан аса елінде белдесіп, 50-ге жуық медаль олжалаған. Боз кілемде жауырыны жер иіскеменген ол орасан зор күшімен дүниежүзін тәнті еткен. Батыр бабаны еске алуға арналған турнирге келгендер арасында құрлықтық және әлемдік аламандарда топ жарып жүргендер бар. Мәселен, Дзюдодан Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдері Дидар Хамза жеңіс тұғырынан көріну үшін барын салмақ.

Дидар Хамза, жарысқа қатысушы:

Менің бұл қазақ күресінен алғашқы жарысым. Өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Өзіміздің ұлттық күрес болғанан кейін, өзіміздің елде өтіп жатқаннан кейін өзім де бағымды сынап, Түркістан қаласына қуаныш сыйлағым келді.

ЕЛ БІРІНШІЛІГІ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Алматыда эстетикалық гимнастикадан ел біріншілігі аяқталды. Бұл біздің елде ғана емес жалпы әлемде енді ғана танылып келе жатқан спорт түрі. Кез келген жастағы қыз балаға арналған гимнастиканың өзіндік ерекшелігі бар. Яғни мұнда саздылық пен әсемділік және нәзіктік мінсіз үйлесім тапқан.Қазақстан чемпионатына бес өңірдің гимнасшылары қатысып, олар ұзақ және қысқа бағдарлама бойынша сынға түсті. 14 жасқа дейінгі топтық жарыста Нұр-Сұлтан қаласынан келген Изумруд-Кербез командасына тең келер ешкім болмады. Ал 16 жасқа дейінгі командалық сайыста Алматылықтар топ жарса, ересектер арасында да жергілікті гимнасшылардың мерейі үстем болды. Жарысқа қатысқан 350 үміткердің арасынан үздік шыққан гимнасшылар ұлттық құрамаға алынды. Енді олар келер жылдың сәуір айында Нұр-Сұлтан қаласында эстетикалық гимнастикадан тұңғыш рет өтетін Азия чемпионаты мен әлем кубогы жолындағы жарысқа қатысады.

Венера Жайлауова, ҚР эстетикалық топтық гимнастика бойынша бас жаттықтырушысы:

– Азия чемпионаты екі түрлі жас ерекшелігі бойынша өтеді. Олар 14-16 жас аралығы және 16 жастан асқан жастар арасында. Құрлық біріншілігіне Қазақстаннан әр категория бойынша 3 команда қатысады. Тағы бір айта кетерлігі, жақында Қазақстан құрамасы Финляндияның Хельсинки қаласында өткен халықаралық жарысқа қатысып, үздік төрттіктен көріндік. Бұл біздер үшін үлкен жетістік деп білем.