Қазақстандық теннисші қыздар Азия біріншілігінің чемпионы атанды

Қазақстан қыздар құрамасы «Дәулет» теннис орталығында 12 жасқа дейінгілер арасында мәреге жеткен Азия командалық біріншілігінің (ITF Asian 12&Under Team Championships 2021) чемпионы атанды, деп хабарлайды Olympic.kz.

Мәдина Рахимнің шәкірттері финалда Үндістан құрамасын 2:0 есебімен ұтты. Алдымен Эвелина Балаганская кортқа шықты. Бірінші партияда қарсыласына 2:6 есебімен есе жібергенімен, содан кейін жинала білді – 6:2, 7:5. Екінші кездесуде Ева Корышева матчты қарқынды бастап, бірінші сетте есепті 4:0-ге жеткізді. Келесі геймде қарсыласы бәсекені жалғастырудан бас тартты. Қазақстан құрамасының капитаны Мәдина Рахим шәкірттерінің жеңіс үшін бар күштерін жұмсағанын жеткізді.

Өкінішке қарай, қазақстандық ұлдар финалда Пәкістан командасынан жеңіліп қалды. Шешуші бәсекеде жұптық сында Мадияр Тағыбеков пен Ярослав Пшеничный супер тай-брейкте ұтылды – 4:6, 7:6 (7:5), 10:12.