470,90 450,91 8,85
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

«Сонар - 2021» республикалық құсбегілер турнирі аяқталды

  • 255
  • UPD: 21:17, 29.11.2021
«Сонар - 2021» республикалық құсбегілер турнирі аяқталды

Алматы облысында «Сонар - 2021» республикалық құсбегілер турнирі аяқталды. Үш күнге созылған бәсекеге еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 11 команда, барлығы 80 саятшы қатысты. Атадан балаға мирас болып келе жатқан осынау асыл қазыналы өнер бәйгесінде кімдер жеңімпаз атанды? Қай құмай тазының, қандай қыран құстың бағы жанды?

Биыл 24-рет ұйымдастырылған «Сонар - 2021» республикалық құсбегілер турнирінің алғашқы күнінде күн тұманды болып, бүркіт дұрыс ұшпады. Есесіне екінші күні қар жауып, үшінші күні күннің көзі жадырап сала берді. Құсбегілерге керегі ұзын сонарға дейін ауық-ауық болып тұратын нағыз осындай қансонар еді. Тазылар жарысында Алматы облысының тумасы Айдос Оспановтың «Тұйғыны» алдынан қашқан аңды құтқармайтынын екі мәрте дәлелдеп берді. Бапкері Ерлан Мүптекеев.

Ерлан Мүптекеев, құсбегі:

- Қазақтың тазысын көбейтуге, қазақтың тазысын дүниеге паш етуге атсалысып жатырмыз. Бүгін шүкір, 20 тазының ішінен «Тұйғын» деген тазымыз бірінші келді 500 метрден. Бұның әкесі де 4 дүркін Алматының чемпионы болған.

Ителгі, қаршығалардың кептер мен қырғауылға, қоянға түсуін тамашалаудың өзі бір ғанибет. Ителгілер арасында Досымжан Жамбылдың Қаракөзіне тең келер сұңқар болмады. Ол ақшалай сыйлықпен қоса өзінің аттасы, эстрада жұлдызы Досымжан Таңатаровтың арнайы сыйлығына да ие болды.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- «Қаршыға қазан қайнатар, ителгі етек былғайды» дегенді қазақ тегін айтпаған. Бүгінгі жарыста шынын айту керек, ителгілеріміздің дайындығы жоғары болмады. Ал қаршығашыларымыздың дайындығы өте мықты. Солардың арасынан оқ бойы озық шыққаны мына менің қолымдағы Көкжендет атты қаршыға. Өзі екі жаста.

Қаршығаның иесі Алматы облысының тумасы Сейітжан Бексұлтан. Бұл жолғы жарысқа қатысушылардың дені жастар. Ұйымдастырушыларды осы жайт айрықша қуантып отыр.

Оралбай Әбдікәрімов, «Қансонар» қауымдастығының төрағасы:

- Ең бір көзге түсетіні, қуантатыны қазір жастар көп осыған қатынасып жүрген. Бұл енді біздің ұлттық өнеріміз сондай жастардың арасынан қолдау тауып жатыр деген сөз. Біз қуанамыз. Бұл шара әрине біздің жастарымыздың санасын өзгертеді. Қазақ екенін білдіреді.  

Нұрбақыт Теңізбаев, Алматы облыстық спорт басқармасының басшысы:

- Республиканың барлық облыстарынан құсбегілер келіп, қатысып жатыр. Жылдан жылға бұл жақсы дамып келе жатыр. Мұның дамуына, осындай керемет болып ұйымдастырылуына біздің Алматы облысының қолдауы өте жоғары. Өйткені қазір ұлттық спорт түрлерінен бізде облысымызда 4 спорт мектебіміз жұмыс жасап жатыр.

Құсбегілер жарысының нағыз қызған сәті әрине қыран бүркіттің түлкіге түсуін тамашалау. Ақтық сында өнер көрсетуге бес бүркіт жолдама алды. Бесеуі де түлкіні бүріп түсіп, қан шеңгелден босатпады. Бұл жерде уақыт ескеріледі. 23 секундық нәтижемен Алматы облысының құсбегісі Ермұхан Әйетбай баптаған «Айғайтас» есімді қыран құс бас жүлдеге тігілген 1 миллион теңгені ұтып алды.

Ермұхан Әйетбай, құсбегі:

- Бүгінгі жарыста бірінші орын алып отырмыз, Аллаға шүкір. Екіншіден, еңбекпен келіп жатыр. Орын алып жатқанымызға қуаныштымыз енді. 60-тай бүркіт болды. Сол бүркіттің ішінен енді суырылып шығып, бұйырғаны бірінші орын алдық. Тренировкасы күнделікті жақсы болса, соғұрлым жемісін жейсің.

«Сонар - 2021» республикалық құсбегілер турнирінде Жамбыл, Атырау, Маңғыстау облысы мен Нұр-Сұлтан қаласының саятшылары да тамаша өнер көрсетті. Екінші орынды Атырау облысынан келген Арман Қошқаровтың «Нарыны» иеленсе, үшінші орын Күнтуған Серікбектің «Алғырына» бұйырды. 

Ардақ Айбарұлы, Жеңіс Әбдірешов, Айгүл Ғазизуллина

Хабар 24 телеарнасы