Таразда Тұңғыш Президенті күніне арналған марафон өтті

Жеңіл атлетикалық жүгіріс салауатты өмір салтын насихаттап, қыстың алғашқы күні басталатын мейрамды жоғары деңгейде атап өтуге бағытталған, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Мерекелік шараға қала тұрғындары, оқушылар, мемлекеттік қызметкерлер мен белсенді жастар қатысты. Жеңіл атлетикалық жүгіріс қысқы спорт маусымының ашылуына арналды. Оған мектеп оқушыларынан бастап, егде жастағы қарияларға дейін қатысты. Мерекелік шараға атсалысып, спортқа қолдау көрсетуге 500-ден астам адам жиналды.

Ғали Райымқұлов, қала тұрғыны:

– Үлкені бар, кішісі бар бәріміз келдік. Көңіл-күй тамаша. Мен өзіммен бірге достарымды, әріптестерімді алып келдім. Қала тұрғындарын, облыс тұрғындарын спортпен шұғылдануға, денсаулықтарын нығайтуға шақырамын.

Марафон «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінде ұйымдастырылды. Спортшылар 2000 метр қашықтықты жүгіріп өтіп, алғаш болып келген желаяқтар спорт басқармасы тарапынан марапатқа ие болды.

Нұрбол Жүнісбеков, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Жалпы бұл жүгіріс бүгін ғана ұйымдастырылып отырған жоқ. Бұл ай сайын, екі айда бір ұйымдастырылып отырған жүгіріс. Халық саны күннен күнге көбеюде.  Дене шынықтыру және спортпен жүйелі шұғылданатын халықтың саны 35,4 процентке жетіп отыр. Ол дегеніміз біздің бұқаралық спорт былтырғыға қарағанда, 3,5 процентке асып отыр.

Ендігі марафон 15 күннен кейін ұйымдастырылады. Оған қатысам деушілерге ешқандай шектеу қойылмайды. Осы арқылы тұрғындар арасында спортты насихаттап, белсенділікті одан әрі арттыра түсу көзделіп отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә