Түркістан облысында спортпен шұғылданатын қариялар қатары артқан

Түркістан облысында спортпен шұғылданатын зейнеткерлер көбейді. Қазығұрт ауданының қарттары салауатты өмір салтын сақтап, спорттық сайыстарға да қатысып жүр. Алпысты алқымдап, жетпістен асқандардың бұл ісі жастарға үлгі. 

Қариялардың кәрілікке бой алдырмай тән мен жан саулығының кепілі болып жүрген – осы спорт. Себебі 73 жастағы Кәрібек ата бой сергітпеген бір күн ауру шақырады деп есептейді. Сондықтан аптасына екі рет кіші шағын футбол ойнап, дайындықты пысықтайды. Өзі ардагерлер командасының капитаны болғасын шебер ойнап, ұтқыр шешім шығаруға үйренген. Ал ауданда топтың дайындығына бар жағдай жасалған.

Кәрібек Досанбаев, футбол командасының капитаны:

– Бізде ауданда өзіміздің үлкен спорттық мекемеміз бар. Осы мектептердің барлық спорт залдары бар. Мынау Ораз Жандосов мектебінің есігі біздер үшін ашық. Қай уақытта келсеңіздер де ардагерлер үшін басқалар үшін келіңіздер, ойнаңыздар, демалыңыздар деп қай мектепке барсақ та ардегерлер үшін әр уақытта есік ашық.

Әр салада абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан қариялар күнде осылай жиналады. Аптаның үш күнінде волейбол ойнайды. Екі күнін футболға арнайды. Себебі ауданда бұл спорттық сайыстардан тұрақты түрде ішкі турнирлер өткізіліп тұрады. Алды 60 жасты алқымдап, ең үлкені 70 жастан асқан зейнеткерлер саулық спортта деп есептейді.

Сағидолла Жұматаев, зейнеткер:

– Алтын төбе ауыл әкімшілігінен, Тұрбат ауыл әкімшілігі, Жаңабаз, Қызылқия ауыл әкімшіліктерінің ауыл ардегерлері өте белсенді қатысады. Сегіз команда жиналып қалады жарыстарымызға. Онда 50 ден жоғары қарай деп қойғанбыз. Себебі арамызда сәл жастау жігіттер болғаннан кейін ойын қызықты әрі тартысты өтеді. Денсаулықтары жақсы. Өздеріңіз бүгін көрген шығарсыздар. Жүгіріп жүрміз, ойнап жүрміз, гол салдық, сеткаға секіріп доп ойнап жатырмыз.

Осылайша бір команданың сапына қатарға енді қосылған қарттар мен шын шеберлер жиналған. Барлығының көздегіні бір. Зейнеткеткерлікке шыққасын  салауатты өмір салтына бейімделу. Жастарды жат әдеттен аулақ болуға шақырып, дұрыс жол көрсету. Нәтижесі де жаман емес.

Құралбек Бұхаров, аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

– Ауданымызда қазіргі таңда спортпен шұғылданушылардың үлесі 32,4 пайыз жалпы халықтың санын алғанда. Жарыстар енді былтырғы жыл мен биылғы жылы кішкене карантинге байланысты аздау ұйымдастырылып қалды. Дегенімен жастарымызды алдағы уақытта құлшынысын жоғарылату үшін көптеген іс шаралар өткізіп тұрамыз.

Зейнеткерлердің белсенді өмір салтына бейімделуі алпыс жастан кейін жаңа тынысты ашып, жас шамасын ұзартуға септескенін аңғаруға болады. Себебі соңғы уақытта салауатты өмір салтын ұстанғандардың үлесі екі есеге өскен. Қариялар алда жаттығу түрін кеңейтіп, өзге де спортты дамытуға ден қоймақ.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов