Ауыр атлетикадан Қазақстан командасының бапкерлері әлем чемпионатынан соң сайланады

Ауыр атлетикадан Қазақстан әйелдер және ерлер командасының бас бапкерлері Ташкенттегі әлем чемпионатынан соң анықталады. Бұл туралы федерацияның бас хатшысы Алдияр Нұралинов мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24» Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Айта кетейік, бүгінде ерлер және әйелдер командаларына жекелеген бас бапкер тағайындау туралы шешім қабылданды. Бұған дейін командалар бір бапкердің қоластында жаттығатын. 

«Құраманы ерлер және әйелдер командасы ретінде екіге бөлу өте пайдалы әрі ыңғайлы болады деп есептейміз. Өйткені, екі команданың дайындық стилінде ерекшеліктер бар. Сондай-ақ команданы осылай екіге бөлу арқылы штаттағы бапкерлер мен спортшыларға бөлінетін орын санын көбейтеміз», – деді бас хатшы Алдияр Нұралинов. 

Ташкенттегі әлем біріншілігі бүгін басталды. Әлемдік дода 17 желтоқсанға дейін жалғасады.