Ақтөбе облысында көптен күткен спорт кешені ашылмақ

Саржансай ауылынан мықты спортшылар шығады. Ел-жұрт осыған сенімді. Қазір елді мекенде денешынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр, деп хабарлайды Хабар 24.

Енді спортқа құмар жастар көрші ауылға немесе Ақтөбеге барып табан тоздырмайды. Мұнда екі зал мен талапқа сай бірқатар бөлме бар. Ашылған кезде оннан астам спорт түрімен айналысуға болады дейді мамандар. Ауылда спортқұмар балалар да көп. Қазірдің өзінде мектептегі 240 оқушының 80-ні еркін күрес, теннис және тоғызқұмалаққа тұрақты қатысады. Бірақ білім ошағындағы спорт залынан өзге жаттығатын жер жоқ. Сондықтан да кешен құрылысын жыл соңына дейін аяқтау көзделген. Мұндай нысан алдағы уақытта тағы төрт ауылда салынады.      

Нұрмахан Құлшанаев, Мәртөк аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы:

– Тап осы жобамен биыл көршілес Қаратоғай деген ауылда басталған болатын. Оның қазіргі кезде металлконструкциясы толығымен жиналып тұр. Сонымен қатар Родников деген ауыл бар. Онда да тап осындай жоба. Келесі жылы жүзеге асырылатын болады. Сарыжар, Жайсаң деген ірі елді мекенде басқаша ангарлық типтік спорт кешені бар. Жобасы дайын. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізіліп жатыр.