Еліміздің Қарулы Күштері әскери альпинистері үздік атану үшін бақ сынайды  

Алматы облысындағы Іле Алатауы тауларында Қорғаныс министрлігінің тау даярлығы орталығының базасында «Әскери альпиниада-2021» өтуде, деп хабарлайды Хабар 24 Қорғаныс министрлігің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бас штаб бастығының кубогын жеңіп алу үшін арнайы мақсаттағы бөлімшелердің кіл мықты әскери альпинистері жарысқа түсуде. Спортшылар 8 арнайы тапсырманы орындайды. Олардың ішінде Нұрсұлтан шыңына шығу, өзен арқылы аспалы арқанмен өту және жапсарласа өту, зардап шеккен адамды тасымалдау, арнайы құралдарды пайдалана отырып, жартасты жерлерден өту де бар. Сол секілді қатысушылар табиғи жартасқа жеке өрмелеу машығын көрсетіп, ойлы-қырлы жерлерге марш жасайды.

Жарысты өткізу кезінде әскери қызметшілердің даярлық деңгейі, олардың теориялық білімі мен тәжірибедегі дағдылары, жеке және топ құрамында жұмыс істей білуі бағаланады.         

Жарыс ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Әскери альпиниада жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 12 желтоқсанда өтеді.