Әли Ахмедов АҚШ-та мексикалық қарсыласын бірінші раундта нокаутқа түсірді

Екінші орта салмақтағы қазақстандық боксшы Әли Ахмедов кезекті жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Хабар 24.

Ол АҚШ-тың Калифорния штатындағы Монтебеллода өткен бокс кешінде мексикалық Пол Валенсуэлаға қарсы жекпе-жекке шықты.

Он раундқа жоспарланған жекпе-жек біріншісінде-ақ аяқталды. Бірнеше соққыдан кейін Ахмедов қарсыласын нокаутқа түсірді. 

Бұл – қазақстандық спортшының 18 жеңісі, оның 14-ін уақытынан бұрын аяқтаған. Ал Валенсуэла 11 рет жеңілді, десе де оның қанжығасында 26 жеңіс бар.

Еске салайық, Ахмедовпен IBF және IBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкиннің GGG Promotions промоутерлік компаниясы айналысады.