Гандболдан әлем чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы Нидерланд командасымен кездеседі

Бүгін гандболдан әлем чемпионаты негізгі сатысында Қазақстан қыздар құрамасы Нидерланд командасымен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ойын елорда уақытымен 22:50-де басталып, Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Нидерланд құрамасы бұдан бұрын 2016 жылы Бразилияда өткен Рио Олимпиадасында төртінші орын алды. 2019 жылы әлем чемпионатында алтыннан алқа тақты.

Еске салсақ, Қазақстан құрамасы іріктеу сатысында С тобында сынға түсті. Қарсыластары Норвегия, Румыния және Иран құрамалары. Норвегия мен Румынияға есе жіберіп, Иран құрамасын тізе бүктірді. Осылайша өз тобында үшінші орынмен жарыстың негізгі сатысына жолдама алды. Енді аталған топтағы үштікке іліккен құрамалар D тобындағы Нидерланд, Швеция және Пуэрто-Рикомен екінші топқа біріктірілді. Жарыс ережесі бойынша енді әрбірі бұрын кездеспеген қарсыласымен кездесу өткізеді. Қазақстандық гандболшылар жарыстың негізгі сатысындағы алғашқы кездесуінде Швециядан жеңілді. Енді Нидерландпен кездесуден кейін 13 желтоқсанда Пуэрто-Рикомен шеберлік байқасады. Қазақстан құрамасы бұған дейін әлем чемпионатының финалдық сатысында 5 мәрте бақ сынады. 2007 жылы – 18, 2011 жылы – 19, 2009, 2015, 2019 жылдарда 22-орынды қанағат тұтты. Ал Олимпиада ойындарында 2008 жылы 10-орын алды. Әлем чемпионаты 1-19 желтоқсан аралығында Испанияның Лирия, Кастельон, Гранольерс, Торревьеха қалаларында өткізіледі. Дүбірлі додада барлығы 32 құрама бақ сынайды.