15 жастағы Жібек Құлымбетова Ресейде өткен турнирде грэпплингтен әлем чемпионы атанды

GI Moscow – 2021 турнирінде 44 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша финалға шыққан Жібек Құлымбетова ресейлік қарсыласын 8:4 жеңіп кетті.

Жеңіс жолында ол үш жекпе-жек өткізді. «Қарсыластардың бәрі мықты болды. Әсіресе финалда ауыр айқас болды. Қарсыласымды «тұншықтыру» тәсілі арқылы ұту мүмкіндігі болған. Бірақ ол сытылып кетті. Соңғы сәтке дейін барымды салғанымның арқасында жеңіске жеттім», - деді әлем чемпионы. Турнирге әлемнің тоғыз елінен келген балалар, жасөспірімдер мен ардагерлер қатысқан болатын.

Айта кетейік, Жібек Құлымбетова Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Sagadat batyr – QTT» клубының сапында және Алматы облысы Іле ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің атынан өнер көрсетеді. Жақында ол Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасында джиу-джитсудан төртінші мәрте әлем чемпионы атанды.