Батут гимнастикасынан чемпион атанған жеткіншек жеңісін тәуелсіздікке арнады

Батут гимнастикасынан әлем чемпионатында қазақстандық жеткіншек Ислам Қабдолов жеңімпаз атанды. Ол байрақты бәсекеге алғаш рет қатысқан. Шынашақтай чемпион жарқын жеңісін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнады. Оның үстіне 16 желтоқсан өзінің де туған күні екен.

Небәрі 12 жастағы Исламның күнделікті жаттығуы осылай өтеді. Шынашақтай болса да шымыр келген балақай шапшаң қимылдайды. Батутта шыр айналғанда кейде көз ілеспей қалып жатады. Мұның бәрі үздіксіз жаттығудың нәтижесі. Ол гимнастикамен бес жылдан бері айналысып келеді. Осы аралықта біраз белесті бағындырып үлгерді. Республикалық жарыстарда талай мәрте топ жарды. Ал жуырда Баку қаласында өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа тағып, ел мерейін асырды.

Ислам Қабдолов, батут гимнастикасынан әлем чемпионы:

- 32 мемлекет болған. 600 баладай болды. Мысалы, біз Қазақстаннан 15 баладай болдық, ал Ресейден барлық возрасттан 100 баладай келді. Мен ішімнен ойладым «өз жаттығуыңды істе, болды, ешкімге қарама, өзің таза істеп шықсаң болды» деп. Қорыққан жоқпын. Таблодан мені 1-орын дегенде мен қатты қуандым, тренер екеуіміз.

Жарқын жеңіс жолы кездейсоқ деуге де болмайды. Өйткені Ислам спортшылар отбасында дүниеге келген. Әкесі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде директор, ал анасы гимнастикадан жаттықтырушы.

Айжан Мұсабекова, Исламның анасы:

- Ұлым мұндай байрақты бәсекеге алғаш рет қатысты. Ол жеңіске жеткенде қуаныштан көзіме жас келді. Көк туымыз желбіреп, әнұранымыз шырқалған кезде бойымды мақтаныш сезімі кернеді.

Батут гимнастикасы – аймақ спортының кенжесі. Әйтсе де, соңғы жылдары мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіле бастаған.

Альберт Тілепқалиев, батут гимнастикасынан аға жаттықтырушы:

- Алғашында бұл жерде төсеніштің тек жартысы ғана болды. Оның үстіне ол өте қатты болды. Балалар сол жерде жаттығу жасады. Ал қазір барлық жағдай бар. Бірер жыл бұрын жаңа батут пен төсеніштер сатып алынды. Өткен айда федерация тарапынан шағын трамп берілді.

Тәуелсіздік жылдары аймақта спорт саласын дамыту мақсатында «Оқушылар сарайы», мұз айдыны сарайы, теннис орталығы, мамандандырылған спорт колледж-интернаты ашылды. Сонымен қатар 26 кешен мен жүзден астам ашық алаңқай пайдалануға берілді.

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов