434,34 494,00 5,52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Алматы облысында саятшылық салтанат құрды  

  • 88
  • UPD: 10:43, 17.12.2021

Тәуелсіздік жылдарында да елде ұлттық спорт түрлері барынша дамыды. Әсіресе, атадан балаға мирас болып келе жатқан осы саятшылық өнер өркендеп келеді, деп хабарлайды Хабар 24.

Құс салып, ит жүгірту қазақтың қанында бар өнер. Арғы бабаларымыз бүркіт, қырғи, қаршығаның неше атасын баптап  саятшылық құрды. Шығыс хан 3 мың, Абылай хан мыңға тарта алғыр құсты қолда ұстады деген де дерек бар.

Өткен күнге көз жүгіртіп қарар болсақ, қазақтың саятшылық өнері сияқты бабадан қалған осынау бай мұрамызды жоқтаған аз ғана ұлтжанды азаматтар бар екенін байқаймыз. Солардың қатарында белгілі этнограф Жағда Бабалықұлы, қоғам қайраткері Заманбек Батталханов, Әкешай Жайлаубекұлы және танымал журналист Бағдат Мүптекеқызындай апаларымыздың аты аталады. Өткен ғасырдың 80 жылдарының соңында Алматы облысында Жалайыр Шора атындағы құсбегілер мектебінің негізін қалаған да осы азаматтар еді. 2005 жылы аталған құсбегілер мектебінің негізінде «Қыран» Федерациясы қоғамдық қоры құрылып, соның арқасында құсбегілік тек өнер деп біржақты бағаланбай, салауатты өмір салтының негізі, ұлттық спортымыздың шоқтығы биік бір саласы ретінде дами бастады.

Бағдат Мүптекеқызы, «Қыран» федерациясының атқарушы директоры:

– Ұлттық спорттың тұңғыш ережесі жазылды. Ол бекітіліп, ұлттық спорт түріне кірді. Одан кейін жаңағы зерттеу, жинақтау жұмыстары жүргізіліп, біз қазір мынау үшінші кітап-альбомымыз жарыққа шығардық. Осы тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай. Бүркітшілердің қасына мына қаршыға ұшыратын, ителгі баптаушылар қосылғаннан кейін, қазір тіптен жеті қазынаның бірі тазыны да қосып алдық. Сөйтіп ұлттық салт-дәстүрімізге қайта оралып жатырмыз. Бұл да осы ел тәуелсіздігінің арқасы деп айтуға болады.

2016 жылы Эфиопияның Аддис-Абеба қаласында өткен ЮНЕСКО-ның үкіметаралық комитетінің 11 сессиясында адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасын қорғауға арналған репрезентативтік тізімі жасалды. «Қыран құстармен аң аулау» көпұлтты номинациясына Монғолия, БАӘ, Чехия, Венгрия сияқты елуге жуық елдің қатарында Қазақстан да енді. Бұл әлемдік қауымдастық алдында бабаларымыздың асыл мұрасы мойындалғанының тағы бір айқын дәлелі.

Бағдат Мүптекеқызы, «Қыран» федерациясының атқарушы директоры:

– Қарап отырсаңыздар, біздің қазір құсбегілеріміздің 70-80 проценті осы жастар. Біз соған қуанамыз. Тәуелсіздіктің жемісі деп айтуға болады.

Нұрбақыт Теңізбаев, облыстық спорт басқармасының басшысы:

– Ұлттық спорт түрлерінен облысымызда 4 мектеп жұмыс жасап жатыр. Ол жерде тек қана ат спорты түрлері ғана емес, құс баптайтын бапкерлеріміз, спортшыларымыз айналысып жатыр. Біздің осы құсбегілік спортшыларымыз бізде республикадағы ең алдыңғы орыннан көрініп жатыр. Қолдау облыс әкімдігінен өте жоғары.

Бүркіт салып, сятшылық құру – қазақ халқы үшін тым ертеден қалыптасқан дәстүрлі өнер, ұлттық мәдениет. Тарихта Шыңғыс хан мен Жошының 3 мың бүркіті, ал Абылай ханның 500 бүркіт, 300 қаршыға мен сұңқар ұстағаны туралы деректер бар. Қазақ даласында саятшылық өнердің: Арқа, Жетісу, Тарбағатай, Еренқабырға, Боғда, Алтай-Сауыр секілді бірнеше мектебі қалыптасқан. Бүркітшілеріміз мұхит асып, Ұлыбританиядағы дүниежүзілік құсбегілер фестиваліне де қатысып қайтты. Бір айта кетерлік жайт – қыран құстарымызды шекарадан өткізбей қойған. Фестивальге арнайы барған саятшыларымызға сол елден бүркіт тауып беріп, дайындалуға небәрі екі-ақ күн уақыт беріпті. Біздің елдің бүркітшілері Ұлыбританияда шетелдіктерді таңдай қақтырып, талайды таң-тамаша қылды. Тұманды Альбион елінен табылған қыранмен-ақ аталған жарыстың бас жүлдесін қанжығалап қайтты. Бұл оқиға да қазаққа құсбегіліктің қанмен дарыған қасиет екенін білдірсе керек-ті.

Оралбай Әбдікәрімов, «Қансонар» қауымдастығының төрағасы:

– Әлем чемпиондарының атақтарын білеміз, түстерін, түрлерін білеміз. Біз мынау Олимпиадаға барған қатысушылардың, чемпиондардың бәрінің түрін білеміз. Біздің мынау жеңімпаздар, осы мынау құсбегілер, содан кейін мынау ит жүгіртуден ит асырағандарды, солардың бәрін көрсету керек. Насихаттау керек. Бізде сол жетіспейді қазір.

Иә, чемпиондарды танып-біле жүрген абзал. Биыл 24 рет ұйымдастырылған «Сонар - 2021» республикалық құсбегілер турнирінде Айдос Оспановтың «Тұйғын» атты тазысы алдынан қашқан аңды құтқармайтынын бір емес бірнеше мәрте дәлелдеп берді. Ал Алматы облысының құсбегісі Ермұхан Әйетбай баптаған «Айғайтас» атты қыран құс бас жүлдеге тігілген 1 миллион теңгені ұтып алды. Ұлы Абай құс салуды пәни дүниедегі «ешкімге зияны жоқ» қызық іс десе, Мұхтар Әуезов «адамды ақындық күйге жеткізетін, шабыт сыйлайтын өнер» деп бағалаған. Қазақ барда әр қазақтың бойында қазақы қан тулап, өлмес-өшпес рух пен намыс оты жалындаса, осынау қазыналы өнеріміздің жер тұрғанша тұратыны – ай қиығындай ақиқат...

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Жеңіс Әбдірешев, Айгүл Ғазизуллина

Хабар 24 телеарнасы