«Медеу» мұз айдыны маңында алғаш рет визит-орталық ашылды

«Медеу» мұз айдыны маңында тұңғыш рет визит-орталық ашылды. Сондай-ақ мегаполисте ең жоғарғы А класты, заманауи спорт кешені салынды. Бұл нысандарға қала әкімі Бақытжан Сағынтаев ат басын тіреп, жаңа ғимараттардың жұмысымен танысты. 

«Медеу» мұз айдыны жанынан арнайы визит-орталықтың ашылуы тауға аңсары ауып тұратын жандар үшін қуанышты жаңалық. Бұл туристік кешеннің жалпы аумағы 200 шаршы метр, тағы бір айта кетерлік жайт кешеннің әр бұрышы, әр заты жекелеген инвесторлардың демеуімен, таза экологиялық заттармен жабдықталған. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бұнда арнайы ат басын бұрды.

Милена Садықова, «Медеу» визит-орталығының басқарушы директоры:

- Бұнда қаланың әр тұрғыны, әр қонақ келіп демала алады. Тауды бетке алған әр жаяу турист бізден карта алып, мамандармен ақылдасуына болады. Біз тауда жүруге арналған таяқ, суқағар, жамылатын көрпешелерді жалға береміз. Тауда суға малшынған, шаршаған жандар біздің орталыққа келіп, киім ауыстырып, кептірініп, тамақтанып, үйіне рахаттанып қайтуға жағдай жасалған.

Сондай-ақ Алматыда «Сұңқар» трамплинінде ірі спорт комплексі бой көтерді. Оның ауданы 6000 кв/м. Аумағы кең бұл залда балуандар да, волейболшы, баскетболшы, тіпті футболшылар  да еркін өнер көрсете  алады. Сондай-ақ  жабық және ашық алаңқайдағы бассейндер бар. Бассейн сулары бірнеше этапты сүзгіден өткізіледі.

Ерлан Қожасбай, мердігер ұйымның бақылау кеңесінің төрағасы:

- Алғашқы кезекте күреске көп көңіл бөлеміз. Осы уақытқа дейін біздің балуандарымыздың жаттығатын өз залы болмады. Біз табылған жерді жалға алып, дайындалып, керек кезде кездесулер де өткізіп жүрдік. Бұл әрине сапаға да әсер етеді. Бұл залды біз тарнсформер форматта жасадық, универсал зал.  Бір сөзбен айтқанда,  А класты жарыстар өткізуге лайық қып жасалған. Бұнда балаларды тегін жаттықтырамыз.

Қала әкімі «Qazaq Auyl»-ы экокомплексімен де танысты. Кім асар сайында орналасқан ұлттық стильдегі туристік агент заманауи стильмен үйлестіріле салынған. Жаңа жыл қарсаңында ашылуы болады деп күтілуде.

Кәмшат Әбілқызы