Қарағанды облысында бокстан халықаралық турнир басталды

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған халықаралық турнирдің ашылу салтанатына, бірқатар спорт жұлдыздары қатысты, деп хабарлайды Хабар 24.

Мәртебелі меймандардың қатарында кәсіпқой бокстан орта салмақтағы әлемнің абсолютті чемпионы кіші Рой Джонс та бар. Тек рингте емес саханада да өнер көрсетіп жүрген америкалық супер чемпион бұл күні рэп оқыды.

Әлемнің абсолютті чемпионы жас спортшылармен естелік суретке түсіп, қолтаңбасын берді. Турнирдің құрметті қонақтарының қатарында бокстан әлем чемпионы Валерий Рачков, 1986 жылғы Еуропаның ең үздік футболшысы Игорь Беланов және әйгілі кинорежиссер Олег Степченко бар. Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған дәстүрлі турнир осымен 37 рет ұйымдастырылды. Індеттің кесірінен кейінгі екі жыл өтпеді. Талай боксшының томағасын сыпырған бәсекеге бұл жолы Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай, Ресей, Қазақстаннан 110 спортшы қатысады. Ал өзбекстандық боксшылар пандемияға байланысты жарысқа келе алмады. Жарыс 5 күнге созылады.

Серік Елеуов, олимпиада ойындарының қола жүлдегері:

– Қазақстаннан шыққан олимпиада чемпиондарының барлығы бір кездері осы турнирде өнер көрсеткен. Мұнда жеңімпаз жастар спорт шебері атағын алады. Сонысымен де бұл жарыстың мәртебесі жоғары. Бұған қоса, ақшалай сыйлықтар беріледі. Менің өзім де осы турнирге 5-6 рет қатысқанмын. Жас спортшылар үшін бұл болашаққа үлкен қадам.