«Ақтөбе» ФК украиналық командамен матч өткізеді

Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында қазақстандық «Ақтөбе» футбол клубының бір қарсыласы анықталды, деп хабарлайды Prosports.kz. 

23 қаңтарда Владимир Мұхановтың шәкірттері Белекте украиналық «Заряға» қарсы ойнайды. Бұл туралы Луганск клубының ресми сайты хабарлады. 

«Заря» Украина премьер-лигасында өнер көрсетеді. Қазіргі уақытта турнир кестесінде төртінші орында келеді. 

Команда Конференция лигасының топтық кезеңінде ойнады, онда итальяндық «Рома», норвегиялық «Бодо-Глимт» және болгариялық ЦСКА командаларымен төрттікте үшінші орын алды. 

Еске салайық, «Ақтөбе» 2021 жылғы маусымның қорытындысы бойынша Қазақстан Премьер-Лигасының кестесінде алтыншы орынға тұрақтады.