Қазақстанның V Қысқы спартакиадасы басталды

Алматыда V Қысқы спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Хабар 24.

Төрт жыл сайын өтетін байрақты бәсеке биыл тұңғыш рет бір ғана қалада ұйымдастырылып отыр. Оған еліміздің барлық өңірінен 1300-ге жуық спортшы қатысады. Олар спорттың 14 түрінен сайысқа түседі. Жалпы қысқы спортты дамыту үшін ең алдымен спартакиаданың деңгейін көтеру қажет. Бұрындары ұлттық құрама мүшелері бұл жарыс аса мән бермесе, биылғы додаға Нұрберген Жұмағазиев пен Аяна Жолдас, Денис Кузин мен Павел Колмаков және Федор Мезенцев секілді халықаралық аренада жүлде алып жүрген қыз-жігіттер қатысады екен. Жарыстар Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы мен «Алматы Арена» және «Халық Арена» мен «Сұңқар» трамплин кешені, «Медеу» мен «Шымбұлақ», сондай-ақ «Ақбұлақ» шаңғы базаларында өтеді. Спартакиада 27 желтоқсанға дейін болады. Мұндағы мақсат салауатты өмір салтын насихаттап, халықаралық жарыстардың, оның ішінде қысқы олимпиада алдындағы дайындықты пысықтау.

Елсияр Қанағатов, Ұлттық олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры:

– Жалпы қысқы спорт түрлерін біздің елімізде жақсы дамытуға барлық жағдай бар. Өкінішке орай, әлде де жергілікті жерлерде осы қысқы спорт түрлеріне онша көңіл бөлінбейді. Міне, осы спартакиада әрі қарай қысқы спортты дамытуға, бұқаралық спортты дамытуға өз үлесін қосады деп ойлаймын. Сондықтан енді мынау алда тұрған олимпиаданың алдында жылды қортындылап, өңірлерде қысқы спорт түрлерінің дамуы қандай деңгейде екенін осы спартакиада қортындысы дәледеп береді.