Қазақстанның Қысқы спартакиадасы басталды

Алматыда Қысқы спартакиада аясында қанатты шаңғышылардың жарысы басталды, деп хабарлайды Хабар 24.

Шаңғымен тұғырдан секіру біздің елде кенже қалған спорттың бірі. Жібі түзу спорт кешені тек Алматыда ғана демесеңіз, өзге өңірлерде трамплиндер жоқтың қасы. Сондықтан болар бұл жарысқа 4 команда ғана қатысты. Оның екеуі Алматыдан. Бас жүлдеге де екеуі таласты. Құрамында Сабыржан Муминов пен Данил Васильев секілді тәжірибелі спортшылар өнер көрсететін Алматы-1 бас жүлде иеленді. Алматы-2 екінші орыннан көрінсе, Шығыс Қазақстан облысының құрамасы үштікті түйіндеді. Дәл осы спорт түрінен Қазақстан құрамасының қоржынында қазір олимпиаданың 2 жолдамасы бар. Сабыржан Муминов қаңтарда өтетін әлем кубогында тәуір нәтиже көрсетсе, тағы бір лицензия әкелуі мүмкін.

Сергей Ткачев, Қысқы спартакиаданың қола жүлдегері:

– Осыдан төрт жыл бұрын Оңтүстік Кореяда өткен олимпида ойындарында тәжірибем болған жоқ. Сондықтан іріктеу кезеңінен аса алмадым. Енді Бейжіңде өтетін қысқы ойындарда барымды саламын. Қазір кімнің қалай секіретінін көріп, біліп жүрмін. Өзім де көптеген әлемдік жарыстарға қатысып, тәжірибе жинадым. Міне, республикалық спартакиада да дайындықты пысықтап жатқан жәйіміз бар. Олимпиадада алғашқы 30-дықтан көрінсем, мен үшін үлкен жетістік болмақ. 

ҚОРЖЫНДА ҮШ АЛТЫН

Алматыда каратэден Азия чемпионаты аяқталды. Жарыс нәтижесінде қазақстандық  Андрей Актауов пен Мөлдір Жаңбырбай барлық қарсыласын ұтып, өз салмақтарында жеңімпаз атанды. Бұған қоса, ерлер арасындағы командалық сында ұлттық құрама топ жарды. Олар финалда Иранды жеңді. Ал Токио олимпиадасында қола жүлдегері Софья Берульцева бұл жолы финалда жапон қызына жол беріп, күміс медаль иемденді.

БҚО-ДА ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА ГРЕК-РИМ КҮРЕСІНЕН ТУРНИР ӨТІП ЖАТЫР

Аймақ мықтылары Оралға жиналды. Батыс Қазақстан облысында грек-рим күресінен Бақытжан Дәулетқалиев атындағы ашық турнир өтуде. Оған 4 өңірден 140-тан аса қатысушы жиналды. Жарыстың ашылу салтанатында КСРО-ның спорт шебері және білікті бапкер Бақытжан Дәулетқалиевке шәкірттері шапан жауып, ерекше құрмет көрсетті. Ал жарыстың өзі ә дегеннен тарысты басталды. 2007 және 2008 жылы туған өрендер 3 күн бойы өзара мықтыны анықтайды. Жарыстың жалпы қорытындысы ертең белгілі болады. Ұйымдастырушылар осындай форматтағы жарысты тұрақты өткізуді жоспарлап отыр. Өйткені ол жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға және болашақ чемпиондарды бала жастан тәрбиелеуге көмектеседі дейді.

СПОРТТЫҚ САЙЫС ҚАЙТА ЖАНДАНДЫ

Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз. Дәл осындай атаумен Жаңаөзен қаласында мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы жарыс өтті. Оның бағдарламасында отырып ойнау волейболы, парапауэрлифтинг, арбадағы би және бочча сияқты паралимпиадалық спорттар бар.

Айта кету керек, бұл бәсеке 2019 жылы бастау алған. Былтыр қалыптасқан жағдайға байланысты өтпей қалды. Енді араға осынша уақыт салып қайта жанданып отыр. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған додаға жүзге жуық адам қатысты. Ең кішісі – 5 жаста. Ал ең үлкені – зейнетке шыққан спорт ардагері. Бұған қоса, қатысушылар арасында халықаралық және құрлықтық додада топ жарып жүрген спортшылар да бар. Оларды қолдауға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері келіп, ерікті командалар ретінде өзара мықтыны анықтады.

КӨРКЕМ ГИМНАСТИКАҒА ҚҰРМЕТ

Елордадағы көркем гимнастика федерациясы биыл халықаралық жарыстарда топ жарып, ерекше көзге түскен спортшыларына құрмет көрсетіп, жыл үздіктері марапатталды.

Айта кету керек, Қазақстан ұлттық құрамасының 70 процентін осы Нұр-Сұлтан қаласының қыздары құрайды. Ал осы спорт түрімен тұрақты шұғылданатындар саны 3 мыңнан асады. Сонымен жыл қорытындысы бойынша еліміздің абсолютті чемпионы және Болгариядағы халықаралық жарыстың жүлдегері Сабина Бакатова үздік спортшы атанды. Жастар арасында Айым Мейіржанова, ал жасөспірімдер арасында Ақмарал Ерекешева осындай құрметке ие болды. Бұған қоса, салтанатты жиын барысында жылдың үздік бапкері, үздік төрешісі, үздік хареографы және үздік көркем гимнастика мектебі мен орталығы марапатталды.