Оралда бокстан ерлер арасында Қазақстан чемпионаты өтті

Сайысқа еліміздің әр өңірінен 400-ден астам спортшы қатысты. Біріншілікте бағы жанғандар ұлттық құрама сапында келер жылы өтетін Азиадада ел намысын қорғамақ. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен бокстан ұлттық біріншілік аясында жеңіл атлетикалық кросс ұйымдастырылды.  

Финалдық бәсекедегі алғашқы сайысты аса жеңіл салмақтағы батыс қазақстандық Даниял Сәбит пен елордалық Санжар Тәшкенбай бастады. Бұл сында соңғысының бағы жанып чемпион атанды. Ал 51 келі салмақта алматылық  Дамир Әбдіқадыр оралдық Нұрсұлтан Нұриденовтен басым түсті. Байрақты бәсеке барысында олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновке өңірдің құрметті азаматы атағы берілді.

Ғали Есқалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

– Ол кездейсоқ шешім емес. Данияр өз жеңістерімен, саламатты өмір ұстанымымен, өзінің мықты рухымен барлық біздің өскелең ұрпаққа жақсы үлгі болып келе жатқан азамат.

Данияр Елеусінов, бокстан Олимпиада чемпионы, Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы:

- Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы болғаным үшін елдің құрметіне рахмет айтамын. Осындай керемет іс-шара кезінде Қазақстан біріншілігі өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Енді мен үшін ол халықтың назары, халықтың құрметі, құметтегені үшін алғысым өте шексіз.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен бокстан ұлттық бірінішілік аясында жеңіл атлетикалық кросс ұйымдастырылды.

Бақтияр Артаев, бокстан Олимпиада чемпионы:

- Мұның басты мақсаты спортты популизация жасап, бүкіл елімізге тарату ең бастысы. Бокстан спорт түрі болып жатыр қазір Орал, Жайық жерінде. Қазақстан біріншілігі осы жерде кіл мықтылар іріктеліп жатыр, Алла қосса, болашақ Олимпиадаға біз осы жерден іріктеп қарастырып жатырмыз.

Жеңіс алаңынан басталған марафонға 100-ге жуық адам қатысты. Олардың арасында қала тұрғындары мен белгілі спортшылар болды.  

Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов