434,23 496,10 5,68
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Жеңіліп көрмеген боксшыларымыз Мәскеудегі жекпе-жек кешіне қатысады

  • 93
Жеңіліп көрмеген боксшыларымыз Мәскеудегі жекпе-жек кешіне қатысады

Бокстан ел үздіктері белгілі болды. Ерлер арасындағы Қазақстан чемпионаты Орал қаласында өтті. Онда алғаш рет 13 салмақ бойынша мықтылар анықталды. Нәтижесінде елордалық боксшылар жалпы есепте топ жарды. Ал оның сапындағы Санжар Тәшкенбай ел тарихында ең жас чемпион атанды. Санжар қазір небәрі 18-де. Жалпы есепте үздік үштікті Түркістан мен Қарағанды облысының құрамалары түйіндеді. 

Ешқашан жеңіліп көрмеген боксшыларымыз кезекті кездесуін өткізеді. «Сүлеймен промоушн» қанатының астындағы жігіттер Мәскеу төріндегі жекпе-жек кешіне қатысады. Оның аясында бүгінге дейін 5 рет шаршы алаңға шығып, бес рет жеңіске жеткен Бек Нұрмағамбет колумбиялық Хосе Мигель Торреспен жолығады. Соңғысы 44 жекпе-жек өткізіп, оның 33-інде басым түсті. Тағы бір қазақстандық  Евгений Павлов венесуелалық Эдиксон Переспен кездеседі. Ал Данила Семенов аргентиналық тәжірибелі боксшы Пабло Оскар Фариаспен өзара мықтыны анықтайды. Күні кеше жарыс алдындағы салмақ өлшеу рәсімі өтті. Жекпе-жек кешінің өзі бүгін болады. Оны «Хабар» арнасы көрсетеді. Кіл мықтылардың айқасы елорда уақытымен 23:30 да басталады.

«БАРЫС» ЕСЕ ЖІБЕРДІ

Қолда тұрған жеңістен айырылды. Қазақстандық «Барыс» құрлықтық лига аясында татарстандық «Ақ Барыспен» жолықты. Қазан қаласында өткен матч 5:3 есебімен аяқталды. Айта кету керек, оның барысында «Барыс» үш рет алға шықты.  Алдымен Якоб Берглунд есеп ашты. Артынша алаң иелері таразы басын теңестірген. Бірінші кезең соңына дейін «Барыс» сапындағы Коди Куник тағы бір гол соғып үлгерді. Екінші кезеңде де осындай жағдай қайталанды. Бұл жолы «Барыс» сапынан Егор Петухов мергендігімен көзге түсті. Бірақ «Ақ барыс» ойын соңына қарай қарқынын күшейтіп, жеңісті жұлып алды. Нәтижесінде, Юрий Михаилис баптайтын жігіттер Шығыс Конференциясының 8-ші сатысына төмендеді. 41 ойында небәрі 40 ұпай жинады. «Барыс» келесі кездесуін де сырт алаңда өткізеді. 25 желтоқсан ккүні Чялябі қаласында жергілікті «Трактормен» жолығады.

ЖЫЛ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Елордада үздік спортшылар марапатталды. Әсіресе, олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша қалалық құрама биыл 18 халықаралық жарысқа қатысып, 107 медаль жеңіп алды. Оның 40-ы алтын. Осыған байланысты ерекше көзге түсіп, ел абыройын асқақтатқандарға құрмет көрсетілді. Бас-аяғы 19 спорт түрі бойынша үздік спортшылар мен үздік бапкерлер анықталды. Атап айтқанда, грэплингтен әлем чемпионы Бейбарыс Бекмухамедов пен Диана Жетпісбаевағы үздік спортшы сыйлығы табысталды. Дәл осылай джиу-джитсуда  Заңғар Абзал мен Әделя Ушурова, самбода Асхат Сәкенов мен Аружан Сәтова, ал, кикбокстингте Диас Иманбаев  пен Эль Мостофа Катя Фади марпатталды. Бұған қоса, асық ату, қазақ күресі, белбеу күресі, киокушинкай-кан  каратэ және гір тасын көтеру сияқты бағыттардың да мықтылары белгілі болды. Айта кету керек, бұндай форматтағы  шара алғаш өтіп тұр. Енді оны жыл сайын тұрақты ұйымдастыр жоспарланып отыр.

 

Хабар 24 телеарнасы