V Қысқы спартакиада: Алматыда шорт-трек шеберлері жарыс шымылдығын түрді

Алматыда 5-ші Қысқы спартактиада өтіп жатыр. Бүгін шорт-трек шеберлері жарыс шымылдығын түрді. 1500 метрге жүгірген үміткерлер арасында тәжірибелі спортшылар да бар. Жарысты Қазақстан құрамасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков те арнайы келіп тамашалады, деп хабарлайды Хабар 24.

Біздің елде шорт-тректің даму қарқыны жоғары. Бұрындары бұл спорт түрі Оралда ғана болса, қазір еліміздің 10 қаласында шорт-трекпен шұғылданам дегендерге барлық жағдай жасалған. Ұлттық біріншілікте бәсекелестік артып келеді. Спартакиадан байқағанымыз жастар тәжірибелі спортшылармен тайталасып жүр. Бір кездері әлем кубогында алдына жан салмаған Нұрберген Жұмағазиевте бүгін жастармен бірге жарысып көрді.

Нұрберген Жұмағазиев, шорт-тректен спорт шебері:

– Жастарымыз өте жақсы шыныққан. Оралда да қыз балалар арасында да конькимен сырғанау спорты өте жақсы дамып келе жатыр. Алла қаласа, болашақта 1-2 жылдың ішінде ұлттық құрамаға кіріп, халықаралық деңгейге жетеді деп ойлаймын.

Бұл Нұрберген Жұмағазиевтің үлкен спорттағы соңғы жарыстарының бірі екен. Енді ол бапкерлікке бет бұрып, шәкірт тәрбиелесем дейді. Нұрберген секілді дарынды жігіттердің томағасын сыпырып, әлемдік аренаға шығарған білікті бапкер Мәдіғали Қарсыбеков жастардың аяқ алысын байқап көру мақсатында Алматыға арнайы келіпті.

Мәдіғали Қарсыбеков, шорт-тректен Қазақстан құрамасының бас бапкері:

– Жастар спортқа ден қойып келе жатыр. Осының алдында Астанада өткен жарысты көрдім. Мықты-мықты конькишілер өсіп келе жатыр. Болашақта талапты балалар, соның ішінде қыз балалар келсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Ұлттық құрама бапкері Бейжің олимпиадасында Абзал Әжіғалиев пен Әділ Ғалиахметов және Денис Никишалардан үміт күтетінін жасырмады. Жігіттер жақында Түркиядан оралып қазір елордада дайындықтарын пысықтап жүр. Қоржынымызда олмипиаданың 9 жолдамасы бар. Қыздар арасында кімдер баратыны қаңтар айындағы іріктеуден соң белгілі болады дейді. Ал спартакиадаға келер болсақ, бүгін 1500 метрде ерлер арасында елордалық Санжар Жанысов топ жарса, қостанайлық Қуандық Сүлейменов пен Вадим Садовниковтар 2-ші және 3-ші орындарды өзара бөлісті. Қыздар арасында Нұр-Сұлтан қаласынан келген Мәдина Жанбосынова жеңімпаз атанды.

Жандос Айтбайұлы, Әбен Нарынбаев