434,34 494,00 5,52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қызылордада ескек есу спортшыларына арналған жаттығу кешені ашылды

  • 167
  • UPD: 10:58, 25.12.2021

Ескек есуден талай мәрте олжа салған қызылордалықтар енді мәренің алдын бермейміз дейді. Мұнда арнайы жаттығу кешені іске қосылды. Бұған дейін каноэ мен байдарканы серік еткен өрендер суық контейнерлерде киім ауыстырып, ескі қайықтармен жаттығатын. Қазір барлық заманауи құрал-жабдық сатып алынған. Дегенмен, әлі шешімін күткен мәселелер де бар.

Гүлжайна Тыныбекова каноэмен 8 жылдан бері айналысады. Ауыз толтырып айтарлық жетістіктері бар. Азия чемпионы, әлемдік додада үздік бестікке кірген ел біріншілігінің бірнеше мәрте жеңімпазы. Осынау жеңістерге арнайы базада емес, ашық аспан астында, 80 жылғы Мәскеу Олимпиадасынан қалған ескі қайықтармен жаттығып жүріп қол жеткізген.  

Гүлжайна Тыныбекова, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

- Біз шыдамдымыз ондайға. Қандай ыстық болсын, қандай салқын болсын, тоңып жатсақ та, қатты ыстықтап жатсақ та осының бәрін сол шыдау үшін ғой жасап жатқанымыз.

Ескекшілер 8 жыл күткен жаңа кешеннің құрылысы аяқталып, жуырда іске қосылды.  Мұнда заманауи жаттығу құралдарымен қатар су жаңа 20 қайық бар. Толықтай қажеттілікті өтеу үшін әлі де 30 қайық керек. Қазір каноэшілер құрлықтық, әлемдік додаларда топ жарып жүргенімен байдаркашылардың бағы жана қоймаған. Өйткені ескек есудің бұл түріне баулитын жаттықтырушы жоқ. Оған қоса Сырдария деңгейінің төмендеуі де су спорты мамандарын алаңдатып отыр.

Мұхитдин Мейірбеков, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

- Су тапшылығы барлық жерде өзекті мәселе. Біздің кешен маңындағы көлдің жағалауы да тартылып кетті. Көктемге таяу жағдай оңалады деп үміттеніп отырмыз. Оған дейін жағалауды тазалап, тереңдетіп қазуға облыс басшылығына ұсыныс білдірдік. Бұл мәселе де көп ұзамай шешімін табады.

Қызылорда облысында ескек есудің каноэ және байдарка түрлерін дамыту 2013 жылы ғана қолға алынған. Оның өзінде облыс орталығындағы спорт мектептерінің бірінің жанынан бөлімше ретінде ашылыпты. Бүгінге дейін ескі-құсқы қайықтармен қарекет қылса да, олардың ішінен жастар арасындағы Олимпиада чемпионы, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, Азия чемпиондары шықты. Алтынбек Қожахмет те Франция Олимпиадасына жолдама жеңіп алуды мақсат етіпті. 

Алтынбек Қожахмет, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

- Осы 2019 жылдан бері Қазақстанның ұлттық құрамасына кіріп, 2020 жылы Олимпиадаға лицензия алуға Азия біріншілігіне барып қатыстым. Әлі жас болғаннан кейін шамалы тәжірбие жетпей қалды. Карантин болды. Бір жарым жыл жарыс болмай қалды. Сондықтан өте ауыр болды. Енді алдағы уақытта қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Үміт барлық кезде бар ғой. Жақсы жаттығу жасасақ.

Биыл ел біріншіліктерінде 90 медаль жеңіп алған қызылордалық ескекшілер келесі жылы жазғы Азия ойындарында олжа салуға ниетті. 

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы